Елімізде жыл сайынғы жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау ауруының маусымы басталды.
ERNUR.KZ. Республикада жыл сайын 4 млн жуық ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау жағдайы тіркеледі. Тұмау мен ЖРВИ-дің эпидемиологиялық жағдайына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, биыл қыркүйек айында республикада 293 344 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 1,6 есе төмен. Ал, тұмау жағдайлары биылғы эпидемиологиялық маусымда тіркелген жоқ. Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустардың айналымына мониторинг жүргізіледі, қыркүйек айында 53 сынама зерттелді, оның ішінде 11 сынамада оң нәтиже анықталды, риновирус – 9, парагрипп – 1, аденовирус – 1.
«Өткен жылы қоғамның алаңдаушылығын тудырған метапневмовирус туралы ақпарат кеңінен таралған болатын. Шындығында, метапневмовирус – бұл «жаңа қорқынышты ауру» емес, ол ЖРВИ және тұмау сияқты суық тиіп сырқаттануға байланысты вирустардың бірі, ол ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Инкубациялық кезеңі: әдетте жұққаннан кейін 3–6 күн. Әдетте симптоматикалық ем тағайындалады: көп су ішу, қызуды түсіретін препараттар, тыныштық», – деді спикер.
2024-2025 жылғы эпидемиялық маусымда 361 метапневмовирус жағдайы тіркелді. Биылғы эпидемиялық маусымда елде метапневмовирус жағдайлары тіркелген жоқ.