Үйге кіріп ерлі-зайыптыларды атып кеткен: Алматыдағы жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсары белгілі болды

0
126

Қаланың жоғарғы жағындағы Nef Uptown кешеніндегі қылмыс 20 желтоқсан күні таңда болған.


Үйге кіріп ерлі-зайыптыларды атып кеткен: Алматыдағы жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсары белгілі болды

Фото: akorda.kz

ERNUR.KZ. Алматыда үй тонауға келіп, ерлі-зайыптыны атып кеткен қаскөй табылмай жатыр, деп жазады zakon.kz.

Элита санатындағы тұрғын үй кешенінде бақылау камерасы толып тұрғанымен, біреуі де істемейді екен. Сондықтан күдіктінің түр-әлпетін де дереу анықтау мүмкін болмапты. Ал қарақшыға қарсылық танытып, оқтан жараланған күйеуі мен әйелі қазір ауруханада жатыр. Бірнеше ота жасалып, жағдайы жақсарған.

Қаланың жоғарғы жағындағы Nef Uptown кешеніндегі қылмыс 20 желтоқсан күні таңда болған. Қара киініп, қаруланып алған ұры пәтерге айламен кіріп алыпты.

"Болжам бойынша күдікті пәтерге кірмес бұрын, іштегі жарықты дәл осы жақтан өшірген. Полицейлердің саусақ ізін алғанын мына қызыл бояудан байқауға болады. Сөйтіп қаскөй уақыт өткізіп барып, жарықсыз қалған үй ішіне өзін «электрикпін» деп таныстырып, есігін ашып алған",- делінген телеарна мәліметінде.

Тапаншаның оғы, көршілерінің айтуынша, 40 жастағы әйелдің кеуде тұсы мен білегіне, 39 жастағы күйеуінің қолына тиген. Екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізіліпті. Ер адамға бірден ота жасалып, аман қалды. Қазіргі жағдайы орташа деп бағаланған. Енді операцияға әйелі де түсейін деп тұр.

"40 жастағы пациент №7 клиникада политравма бөлімшесінде стационарлық деңгейде емделіп жатыр. Сол жақ білек анотомиясын қалпына келтіру үшін ота жоспарланады".Рамазан Әскеров, №7 аурухананың бөлім меңгерушісі

Тергеу мәліметінше, қаскөй пәтерді тонамақ болған. Алайда жоспары жүзеге аспаған соң, полицейлер жеткенше ізін суытып үлгеріпті. Оның қай бағытқа қарай қашып, қайда жасырынып жатқаны белгісіз. Тұрғын үй кешенінде бақылау камералары болғанымен, олар істемейді. Күдікті үш күннен бері табылмай жатыр.

"Наурызбай ауданы ПБ қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмысты ашуға бағытталған кешенді тергеу, іздестіру жүргізілуде", - дейді Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі.