Фото: Tengrinews.kz
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сот қылмыстық іс материалдарын зерттеуге көшті. Отырыс барысында үй қаптамасының құлағаны сәті түсірілген бейнежазбалар көрсетілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сыртқы бейнебақылау камерасына түскен кадрлардан ғимараттың қасбет қаптамасының құлағаны көрінеді. Осыдан кейін ауаға шаң көтеріледі.
Шаң басылғаннан кейін ағаштар маңындағы темір қоршау артынан құлаған қаптама бөлшектерін көруге болады. Қасбеттің бір сынығы тұрақта тұрған автокөлік үстіне құлайды.
Көп ұзамай оқиға орнына жедел медициналық жәрдем көлігі келеді. Кейін кадрда құлау орнына қарай бет алған ТЖМ қызметкері пайда болады.
Бүгін сот куәгерлердің - үй тұрғындарының жауаптарын тыңдады. Атап айтқанда, куәгер Валерия Самсонова үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болғанын айтты. Бұл туралы куәгер Халил Бабалиев те мәлімдеді. Оның айтуынша, үйдің іргесі сөгіліп жатыр.
Келесі сот отырысы 3 қыркүйек сағат 10:00-де өтеді.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот тікелей эфирде өтетіні хабарланған болатын.


