​ "Ұлттық қор – балаларға": Бала қайтыс болса, қаражат кімге беріледі?

0
378

Ұлттық қордан түскен қаржы бойынша мәлімет kids.enpf.kz сайтында және электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте қолжетімді.


​

ERNUR.KZ. Балалар қайтыс болса, қаражат оның ата-анасына немесе басқа да мұрагерлеріне беріледі. Бұл туралы Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазинов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Бала өмірден өтетін болса, онда қаражат оның ата-анасына немесе басқа да мұрагерлеріне Азаматтық Кодекстің ерекше бөлімімен айқындалған тәртіпте берілетін болады. Ондай жағдайда бұл қаражатты нысаналы мақсатта пайдалану талап етілмейді. Баланың ата-анасы немесе мұрагері болып саналатын азамат бұл қаржыны өз қалауынша жұмсай алады", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикер Ұлттық қордан балаларға берілетін қаржы жыл сайын қанша долларға өсуі мүмкін екеніне тоқталды. Сөзінше, бүгінде болжамдар жасалған.

"Біз атап өткендей, бала кәмелет жасына толғанға дейін бұл қаражат Ұлттық қордың есебінде сақталады және оның рұқсат етілген қаржы құралдарына одан әрі инвестицияланатын болады. Тиісінше одан түскен қаражат баланың жинақталған қаржысына қосылып отырады. Бұл жөнінде барлық ақпаратты ата-аналар kids.enpf.kz сайтынан немесе баланың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінен көруге болады. Қазіргі кезде болжамдар бар. Бірақ оны нақты жағдай көрсетеді", - деп толықтырды Қаржы министрлігінің өкілі.

Ол Ұлттық қордың инвестициялық кірісі түсіп тұратынын, оның барлығы долларда есептелетінін жеткізді.

"Себебі Ұлттық қордың есеп жүргізу валютасы доллар болып белгіленген. Сондықтан да бұл қаражаттың бәріне қосымша инвестициялық кіріс есептелетін болады", - деді Айбол Арғынғазинов.