«Ұлттық қор – балаларға»: үш жыл ішінде еліміздегі 7 млн балаға 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды

0
125

Биыл бағдарламаға 2008-2025 жылдар аралығында туған 6 918 656 бала қатысты.


«Ұлттық қор – балаларға»: үш жыл ішінде еліміздегі 7 млн балаға 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды

ERNUR.KZ. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының үш жылының қорытындысы бойынша 7 млн қазақстандық балаға аударылған жинақтардың жалпы сомасы 2,5 млрд доллардан асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарлама ұлттық байлықты әділ бөліп, жастарға тең мүмкіндіктер беруге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі.

Биыл бағдарламаға 2008-2025 жылдар аралығында туған 6 918 656 бала қатысты. Ұлттық қордың инвестициялық табысынан аударымдардың жалпы сомасы 900 млн доллардан асты. Яғни, 2026 жылы әр балаға 130,71 доллардан берілді.

Осы жылы кәмелет жасқа толғандар үшін (356 613 адам) тұтастай 132,1 млн доллар көлемінде қаражат қарастырылған.

Бағдарламаның маңызды аспектісі – қаражатты капиталға айналдыру. Айталық, өткен кезеңдердің қорытындысы бойынша әр балаға есептелген 232,94 доллар сомасына сәйкес инвестициялық табыс 6,91 доллар мөлшерінде болды. Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балаларға жоба іске қосылған сәттен бастап үш жылдағы (2024-2026 жылдар) инвестициялық кірісті ескере отырып, жинақтардың жалпы сомасы әрқайсысына 370,56 доллардан шақталды.

Бағдарлама аясында бөлінген сома жастардың өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге көмектесіп келеді. Мәселен, қаражаттың негізгі бөлігі (26,3 миллион доллар) мақұлданған 158 774 өтінім бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталды. 94 068 өтінімге сәйкес білім алуға 15,5 млн доллар жұмсалды.