Тауарлардың ұлттық каталогы (ҰТК) - бұл бір реттік бақылау шарасы емес, Қазақстандағы сауданың жаңа архитектурасының бөлігі.
ERNUR.KZ. Мұнда шынайы және салыстырмалы деректер басты рөл атқарады. Бүгінде сауда саласы өндіріс, логистика және тұтынушыны біріктіретін жүйеге айналуда. Жаһандық шектеулерге қарамастан, әлемдік сауда тұрақтылықты сақтап отыр және болжам бойынша 2026–2029 жылдары орта есеппен 3%-ға өседі. Мұндай жағдайда ҰТК-ны енгізу ерекше өзектілікке ие. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.
Ұлттық тауарлар каталогы Қазақстанда 2026 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді. Спикердің түсіндіруінше, бұрын түрлі жүйеде бір-біріне сәйкес келмейтін анықтамалықтар қолданылған, соның салдарынан бір тауардың бірнеше атауы болуы мүмкін еді. Мұндай үйлесімсіздік деректердің қайталануына, қателерге әкеп соғып, тауардың қадағалануын қиындатты. ҰТК осы мәселені шешпек: ол ақпаратты бірыңғай жүйеге біріктіріп, оның салыстырмалылығы мен шынайылығын қамтамасыз етеді. Бұл бизнестің жұмысын жеңілдетіп, нарықтың ашықтығын арттырады.
«ҰТК — бұл тауардың «цифрлық паспорты», бірыңғай цифрлық базасы. Ол белсенді түрде дамып келеді. Қазір каталогта 24 млн-ға жуық тауар тіркелген. Оның 11 млн-ға жуығы Жалпы тауарлар, жұмыстар мен қызметтер классификаторы бойынша жіктелген. Күн сайын шамамен 100 мың жаңа тауар қосылады. Жүйеде барлығы 41 мыңнан астам сауда субъектісі тіркелді», — деді Әсет Нүсіпов.


