Фото: Диана Сылкинаның желісінен
ERNUR.KZ. Арменияға демалуға барған қазақстандық әйел сол жақта келеңсіз оқиғаға тап болып, ұсталғанын айтып көмек сұрады. Айтуынша концерт көруге барған отандасымызды мекемелердің біріндегі жанжал кезінде ұстап алып, қамауға жапқан. Қазір елден шығуына тыйым салған, деп жазады Stan.kz.
Диана Сылкина Facebook желісінде өзін Қазақстан азаматы деп таныстырып, қазіргі уақытта Грузияда жұмыс істейтінін жазды. Ол 22 маусымда Грузиядан Арменияға турист ретінде демалып, Дженнифер Лопес пен Земфираның концерттерін көру үшін барған.
Айтуынша, 28 маусым күні Ереван қаласындағы мекемелердің бірінде жанжал болып, содан кейін полиция оны ұстаған.
"Мен тек шотты грузин тілінде сұрадым. Бұл менің негізгі қарым-қатынас тілім, мен төрт жылдан бері Грузияда тұрып жатырмын. Бірақ келушілердің бірі неге екенін білмеймін, агрессивті түрде әрекет етіп, жанжал басталды. Сол адам полиция шақырған. Камерадан менің сөмкемді алып, кофеханадан шыққан сәтім түсіп қалған. Таксиге жақындағанымда полицейлер жүгіріп келді. Солардың бірі менің бетімнен ұрып, көйлегімді жыртты, қолыма бірнеше рет соққы жасады. Мені көлікке күштеп отырғызып, бөлімшеге алып кетті. Ешнәрсені түсіндірген жоқ", — дейді ол.
Форма киген қызметкерлер оны ұрып, көйлегін жыртып, күштеп көлікке отырғызып, полиция бөліміне апарған. Онда Диананы алты сағат бойы байланыссыз, тамақсыз және сусыз ұстаған. Адвокат сұрауына ешкім жауап бермеген.
Диананың айтуынша, кейін оны изоляторға ауыстырған, ол жерде шамамен үш тәулік болып, "қызметкерлер тарапынан қысым мен қолайсыз жағдайларға" тап болған.
Кейін тергеуші оны өз іс-әрекетін дұрыс емес деп тануға көндіріп, тек айыппұл салынатынын айтып сендірген. Осыдан кейін, Диананың айтуынша, жалға алған пәтерінен 5000 доллар жоғалып кеткен, бұл туралы ол полицияға арыз түсірген.
Дианаға қатысты бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал бұлтартпау шарасы ретінде оған елден шығуға тыйым салынған. Кейін бұл шешім 15 миллион армян драмы (шамамен 37 500 АҚШ доллары) көлеміндегі кепілмен ауыстырылған. Оның айтуынша, осыдан кейін тергеуші мен прокурор онымен байланысқа шықпаған. Ал адвокат арқылы жіберілген сұраныстар жауапсыз қалған.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Диананың елшіліктен консулдық көмек сұрағанын растады.
"Қазіргі уақытта біз өз құзыретіміз аясында қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Армян тарапымен байланыста болып, қалыптасқан жағдай бойынша түсініктемелер алуға тырысудамыз", – деп мәлімдеді министрлік.