​Үш күн бұрын шұңқырға түсіп кеттім деп көмек сұраған ақтөбелік табылмай жатыр

0
1 861

11 қараша күні 54 жастағы К.Алдашевтің байланыс телефоны қайта қаралып, енді Ақшат ауылы маңында жүргені белгілі болды. Сол кезде екі топ іздеуге шықты. Құтқарушылар мен еріктілер қараңғы түскенше іздеуді жалғастырды, бірақ жоғалған адам табылмады.


​Үш күн бұрын шұңқырға түсіп кеттім деп көмек сұраған ақтөбелік табылмай жатыр

ERNUR.KZ. Ақтөбеде ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, көмек сұраған 54 бастағы ер адам табылмай жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбеліктер үш күннен бері 54 жастағы Кенжебай Алдашевті іздестіріп жатыр. Ол 10 қараша күні сағат 04:56-да төтенше жағдайлар қызметіне телефон шалып, өзінің шұңқырға құлап кеткенін, күші сарқылып, шыға алмай жатқанын айтқан. Содан бері іздеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ нәжижесіз.

«Төтенше жағдайлар департаменті қоңырау шалған жерді анықтау үшін «КарТел» ЖШС-на сұраныс жіберіп, ақпарат алды. Жоғалған тұрғынның Ақтөбе қаласы, Ақжар ауылы маңынан хабарласқаны анықталды. Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінен 4 адам, 2 техника, 2 кинолог және квадрокоптер жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына еріктілер де шықты. Бірақ әзірге ол адам табылмады», - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі.

Ал 11 қараша күні 54 жастағы К.Алдашевтің байланыс телефоны қайта қаралып, енді Ақшат ауылы маңында жүргені белгілі болды. Сол кезде екі топ іздеуге шықты. Бірінші топта 6 құтқарушы, 1 техника және 1 квадракоптер болса, екінші топқа 7 құтқарушы, 2 кинолог, 1 техника берілді. Бірі Ақшат, екіншісі Ақжар ауылы маңында іздеу жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылар мен еріктілер қараңғы түскенше іздеуді жалғастырды, бірақ жоғалған адам табылмады.

Айта кетейік, бүгін іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір төтенше жағдайлар қызметінен 10 адам, 2 кинолог, квадрокоптермен арнайы техника ауыл маңын тінтуге көшті.