Ұшақ апаты: Қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден беріледі

0
1 032

Үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.


Ұшақ апаты: Қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден беріледі

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ұшақ апатының себептеріне толық тергеу жүргізуді және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен «Bek Air» әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілді.
«Алматы облысындағы ұшақ апаты барлық қазақстандықтар үшін аса қайғылы хабар болды. Өкінішке орай, адамдар қаза тапты, зардап шеккендер көп», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, ал зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінеді. Сонымен қатар, барлық зардап шеккендерге қажетті қаржылай көмек көрсетіледі», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне «Bek Air» әуе компаниясының ұшағының құлауына байланысты толық сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің тезірек сауығып шығуы үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
«Апат себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмыстарының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс», — деп нақтылады А. Мамин.