V Азия Пара ойындарына Қазақстан тарапынан 150 спортшы қатысады

0
161

Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық командасының сапындағы 150 спортшы спорттың 12 түрі бойынша өнер көрсетеді.


V Азия Пара ойындарына Қазақстан тарапынан 150 спортшы қатысады

ERNUR.KZ. 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында V Азия Пара ойындары өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық командасының сапындағы 150 спортшы спорттың 12 түрі бойынша өнер көрсетеді. Атап айтқанда, волейболды отырып ойнаудан – 12, пара таеквондодан – 8, пара дзюдодан – 26, пара үстел теннисінен – 12, пара оқ атудан – 12, пара жеңіл атлетикадан – 14, пара садақ атудан – 9, пара жүзуден – 21, арбадағы теннистен – 3, пара пауэрлифтингтен – 15, боччадан – 5 және пара велоспорттан – 13 спортшы қатысады.

«Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 1 командалық және 11 жекелей спорт түрінен ел намысын қорғайды. Биылғы ойындарда Қазақстан құрамасы арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды. Сонымен қатар пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да тұңғыш рет ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, олар жеңіл атлетикадан Т20 және пара үстел теннисінен 11-сыныпта жарыс жолына шығады. Ойындар алдындағы дайындық барысында спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынынан өтіп, 22 халықаралық турнирге қатысып, 63 медаль жеңіп алды. Алдағы жарыстарда да спортшыларымыз өз шеберліктерін барынша көрсетіп, лайықты нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының Спорт бойынша басқармасының басшысы Қайратбек Сеитбеков.

Қазақстандық пара спортшылар үшін V Азия Пара ойындарының алғашқы жарыстары 16-шы қазанда пара үстел теннисінен жекелей ойын түрінен басталады. Ал жарыстың ресми ашылу салтанаты 18-ші қазанда Нагоя қаласының Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.

V Азия Пара ойындарына 45 елден 4000-ға жуық спортшы қатысып, спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ақпарат үшін:

Қазақстан Азия Пара ойындарында 2010 жылдан бері қатысып, жалпы 105 медальді жеңіп алды.Оның ішінде 20 алтын, 35 күміс және 50 қола медаль бар.

2010 жылы 63 спортшымен 6 спорт түрінен қатысып, 2 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.

2014 жылы Инчхон қаласында (Оңт.Корея) 78 спортшы 9 спорт түрінен қатысып, 24 медаль (7 алтын,6 күміс және 11 қола) еншіледі.

2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен III-ші Азия Пара ойындарында еліміздің 90 спортшысы 9 спорт түрінен бақ сынап, 33 медаль (5 алтын, 15 күміс,13 қола) жеңіп алды.

Ханчжоу қаласында өткен соңғы Азия Пара ойындарында 131 спортшы қатысып, рекордттық 41 медальді (8 алтын, 12, 21 қола) еншіледі.