Ваучерлік қаржыландыруды енгізу арқылы 7,7 млрд теңге үнемделді

0
101

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп келеді.


Ваучерлік қаржыландыруды енгізу арқылы 7,7 млрд теңге үнемделді

ERNUR.KZ. Бұл механизм қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру саласында ашықтықты қамтамасыз етеді. Бүгінде жоба еліміздің 20 қаласында және 7 ауданында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

«Пилоттық жобаны іске асыру кезінде балабақшалардағы кезектілік 93 мың орынға қысқарды. Нәтижесінде 7,7 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұл тәжірибені қыркүйек айынан бастап жылдың соңына дейін барлық балабақшаларға кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр», – деді Ғани Бейсембаев ҚР Үкіметінің отырысында.

Жаңа оқу жылынан бастап балалардың мемлекеттік тілді ерте меңгеруіне бағытталған «Тілге бойлау» және бұған дейін еліміздің 5 өңірінде сынақтан өткен «Беске дейін үлгер» бағдарламаларының ауқымын кеңейту басталады. Осы уақыт аралығында 135 балабақшада 7 мыңнан астам бала мемлекеттік тілді меңгерді.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие жұмыстарының басым бағыттарының бірі – балаларды ерте жастан еңбекке баулу. Осы мақсатта қыркүйектен бастап 100 балабақшада 12 мың баланы қамтитын жаңа жоба пилоттық режимде іске қосылады.

Бүгінде Қазақстанда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленетін 11,8 мың балабақша жұмыс істейді.