​Жалған медициналық құжат жасағандар ұсталды

0
3 156

Топтың құрамында алты адам жұмыс істеп келген. Енді олар «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.


​Жалған медициналық құжат жасағандар ұсталды

фото (yellowpages)

Астанада жалған медициналық құжаттар жасаған қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Топтың құрамында алты адам жұмыс істеп келген. Енді олар «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Дегенмен, жұмысқа орналасуда және еңбекке жарамсыздығы бойынша анықтама әзірлейтіндерге ешқандай тұсау болмай тұр. Тіпті, оны ғаламторда ашықтан-ашық саудалайтындар да көбейді.
Қоғамдық орындарда қызмет көрсетушілердің жұмысқа тұруын тездететін жалған құжаттар осылай үй жағдайында әзірленеді. Бұл іске тиісті мамандардың қатысуы да некен-саяқ.
Оның халыққа қолжетімділігі соншалық, ғаламторда бұл қызметті ұсынушылардан көз сүрінеді. Қоңырау шалып, ақысын төлесеңіз болғаны, шаруаңыз 15 минутта бітеді екен.
Жалған құжатқа қол жеткізу осылайша қиынға соқпайды. Оны қадағалап отырған орган жоқ. Ал оны сатып алатындар ақ халаттылармен бетпе-бет кездеспегендіктен, өздерінің қауіпті дертке шалдыққандарын да білмей жатады. Сөйтіп, айналасына қауіп төндіреді. Өйткені, бұл құжат әсіресе қоғамдық тамақтану орындары мен білім беру тәрізді әлеуметтік маңызы бар салаларда жұмыс істейтіндер арасында сұранысқа ие.

«Мысалы, туберкулездың ашық түрімен балабақшада жасайды деген фактілер болды. Бірақ, мына факті деп айта алмаймыз. Жалпы айтқанда, бұл мәселені дәл қазір жауып, тосқауыл қоймасақ, ары қарай бұл таралып кетуге қаупі бар», - дейді МҚІ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты департамент директорының орынбасары Жазира Жылқышиева.
Жұмысқа орналасу кезінде талап етілетін 086 анықтамасы елордалық емханаларында орта есеппен 7 мың теңгеге бағаланады. Былтыр қала бойынша ресми түрде 29 мыңы берілген. Ал жалған құжат жасайтын бір ғана топтың өзі жылына 4 мыңдайын саудалайтын көрінеді. Демек, мемлекеттік емханалар шамамен 26 миллион теңгеден қағылып отыр. Ал ол қаржыға науқастар үшін қолайлы жағдай жасауға болар еді.

«Тінту кезінде 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманың 200-ден астам бланкілері, 190-ға жуық санитарлық кітапша, медициналық мекемелер мен дәрігерлердің 80-нен астам мөрлері, медициналық анализдердің нәтижелері, флюрографиялық суреттер, медициналық диагноздар жазылған кітапша және тағы басқа заттар тәркіленді», - дейді Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент жетекшісі Шыңғыс Қабдола.

Алаяқтыққа барғандар қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Мұндай тексерістер әлі де жалғасады. Ал ең өкініштісі, құжаттың рас-өтірігін басшылар тексеріп жатпайды. Сондықтан, ұлттық бюро тарапынан мұндай құжаттарды алдағы уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуды қарастыратын ұсыныс жасалып отыр.