Жалға алынған жерді жеке меншікке рәсімдеу тәртібі бекітілді

0
111

Бұйрық 2026 жылғы 24 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.


Жалға алынған жерді жеке меншікке рәсімдеу тәртібі бекітілді

Фото: pexels

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 16 қазандағы бұйрығымен жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары бекітілді, деп жазады zakon.kz.

Атап айтқанда, мынадай мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидалары бекітілді:

  • "Құрылыс нысаны пайдалануға берілгеннен кейін бұрын жалға берілген жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру";
  • "Ортақ үлестік меншіктегі немесе ортақ үлестік жер пайдаланудағы жер учаскесіндегі жер үлесін ресімдеу".

"Құрылыс нысаны пайдалануға берілгеннен кейін бұрын жалға берілген жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру" мемлекеттік қызметін жергілікті атқарушы органдар сегіз жұмыс күні ішінде тегін көрсетеді.

Ол үшін мынадай құжаттар ұсынылуы керек:

  • құрылыс нысаны пайдалануға берілгеннен кейін бұрын жалға берілген жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы өтініш;
  • сәйкестендіру құжатының көшірмесі (жер учаскесіне уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығы туралы акт немесе жер-кадастрлық жоспар);
  • жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) туралы жасалған шарттың көшірмесі;
  • сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесінде есепке қойылған және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесіне енгізілген салынған нысанды пайдалануға қабылдау актісі;
  • жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау актісі (жер учаскесін сатып алған жағдайда).

Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы, жеке басты куәландыратын құжат туралы мәліметтерді, жеке кәсіпкерді тіркеу немесе жеке кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы деректерді қызмет көрсетуші тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден сұратады.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіздер болмаған жағдайда:

  • жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның жауапты орындаушысы қорытынды түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешім жобасын әзірлейді;
  • жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басшысы шешім жобасын бір жұмыс күні ішінде келіседі;
  • қызмет көрсетушінің басшысы жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімге бір жұмыс күні ішінде қол қояды.


Жер учаскесін сатып алған жағдайда:

  • қызмет көрсетушінің жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімінің көшірмесі жер учаскесін сатып алу-сату шартын әзірлеу үшін жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі;
  • уәкілетті органның жауапты орындаушысы жер учаскесін сатып алу-сату шартының жобасын бір жұмыс күні ішінде әзірлейді;
  • уәкілетті органның басшысы сатып алу-сату шартына бір жұмыс күні ішінде қол қояды.

Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешім, ал жер учаскесі сатып алынған жағдайда сатып алу-сату шарты қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы беріледі.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін тоқтата тұру қызмет көрсетушінің мемлекеттік қызмет көрсету процесін тоқтата тұру туралы шешімі жөніндегі хабарламаны өтініш берушіге жіберген күннен басталады.

Қызмет көрсетуші мынадай жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсету процесін тоқтата тұрады:

  • азамат қайтыс болғанда (оның ішінде қайтыс болды деп жарияланғанда) немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда не таратылғанда, егер өтініш берушінің тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктерді алу құқығы құқық мирасқорлығына жол берсе;
  • азамат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылғанда;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарда, сотта немесе өзге де тәртіппен қаралып жатқан мәселелер шешілгенге дейін мемлекеттік қызметті көрсету мүмкін болмағанда;
  • өтініште немесе өтініш беруші ұсынған құжаттарда қателер мен дәлсіздіктер анықталғанда, олардың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі немесе құжаттар топтамасының толық ұсынылмауы жағдайында.

"Ортақ үлестік меншіктегі немесе ортақ үлестік жер пайдаланудағы жер учаскесіндегі жер үлесін ресімдеу" мемлекеттік қызметі де осыған ұқсас тәртіппен көрсетіледі.

Бұйрық 2026 жылғы 24 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.