Жамбыл облысында оқушы пневматикалық мылтықпен досын жарақаттады

0
103

Жасөспірім кінәсін толығымен мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады.


Жамбыл облысында оқушы пневматикалық мылтықпен досын жарақаттады

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірім пневматикалық қарумен абайсыздар досын жарақаттап, айыппұл төледі, деп жазады inbusiness.kz.

Жасөспірім достарымен бірге әкесінің пневматикалық мылтығын алып, аулада бөтелкелерді атып "жаттығу" өткізген.

Алайда, оның айтуынша, бір оқ кездейсоқ атылып кеткен. Жәбірленуші нысананы түзеп жатқанда, ол шүріппеден саусағын алып үлгермеген. Оқ тура досының жақ сүйегіне тиген.

Абырой болғанда, жарақаты ауыр болмаған. Жәбірленуші сотта еш шағымының жоқ екенін айтты. Ал жасөспірім кінәсін мойындап, өкініш білдірген және ешкімге қасақана зиян келтіргісі келмегенін түсіндірген.

Криминалистің қорытындысы бойынша, "Cometa 300" маркалы пневматикалық қару спорттық жаттығу үшін арналған және атыс қаруы болып есептелмейді.

Жасөспірімнің кінәсі хаттамамен, сотқа қатысушылардың түсініктемелерімен, жәбірленушінің сөзімен және өзге де дәлелдермен расталған.

"Кәмелетке толмаған айыпталушы кінәні толық мойындап, шын ниетімен өкініш білдірді. Қасақана әрекет болмағанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескерілді. Нәтижесінде жасөспірім ҚР ӘҚБтК-нің 485-бабы 1-бөлігі (қаруды заңсыз пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 АЕК – 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл кәмелетке толмағандар үшін мүмкін болатын ең төменгі мөлшер", – деп хабарлады Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметі.

Қару иесіне, яғни жасөспірімнің әкесіне қайтарылды.

Қаулы заңды күшіне енді.