Жамбыл облысында төрт түлік мал белгісіз аурудан қырылып жатыр

0
946

Майтөбе ауылында осы ай басталғалы 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып қалған. Ал арам қатқан ірі қара саны 10-ға жуықтаған.


Жамбыл облысында төрт түлік мал белгісіз аурудан қырылып жатыр

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының ауыл тұрғындары ай басталғалы 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып қалғанын айтып дабыл қағуда. Облыстық ветеринарлар үш апта бұрын басталған аурудың диагнозын дәл таба алмай отыр, деп жазады sputnik.kz.

Өріске кеткен тұяқтылар өлексеге, келгені көтерем күйге түсуде. Кесел тиген төрт түлік тәуліктеп жем-шөп жемейтін көрінеді. Жатқан жерінен тұрмайды, қызуы төмен түспейді.
"Температурасы 41-ге барады. Егер де білмей қалсаң, өледі. Қолымыздан градусник түспей жатыр", - дейді фермерлердің бірі Бақтыбай Есенбаев.
Малшылар бұлай жалғаса берсе, қу таяқ ұстап қалар түріміз бар деп дабыл қағуда.
"Дезинфекция жасамаса болмайды. Бұл кене арқылы да, шөп арқылы да, су арқылы да келуі мүмкін. Адамға да жұғуы мүмкін ғой", -дейді Майтөбе ауылының тұрғыны Рима Әбдиева.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Майтөбе ауылында осы ай басталғалы 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып қалған. Ал арам қатқан ірі қара саны 10-ға жуықтаған. Олардың барлығында ауру белгілері бірдей: тәуліктеп жем-шөп жемейді, жатқан жерінен тұрмайды, қызуы төмен түспейді. Кейбіреулері өрістен өлі табылған.
Ал аудан билігі бұл сары ауру тектес кеселдің бірі болуы мүмкін дейді. Өлекселер мен олардың азығынан сынама алып Алматыға жөнелткен. Нәтижесі келмейінше, мал дәрігерлерлері диагноз қойып, шешім шығара алмайды.

"Жамбыл облысы ветеринария зертханасына жібереміз. Олар теріс деп береді. Қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Лептоспироз ауруына күдікті деп беріп жатырмыз. Бірақ нақты емес. Ал референц орталықтың айтуынша, дәрідәрмек салынбасын, сол кезде анықталады деп отыр", - дейді Талас ауданы ветеринария стансасының директоры Жарқын Қалмаханов.