Өткен жылы өңірде 30 269 қаңғыбас ит, 375 мысық ауланған.
ERNUR.KZ. Облыс бойынша өткен жылы 3 310 адам иттен зардап шексе, оның 1 453-і 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Ал биыл 257 адам иттен зардап шегіпті, оның 113-і иесі бар ит болса, 144-і қаңғыбас иттер, деп жазады inbusiness.kz.
Жалпы биыл облыста қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға 30 миллион теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыруға 9 миллион 998 мың теңге, уақытша ұстауға 5 миллион теңге, сәйкестендіруге 5 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 525 мың теңге, барлығы 50 523 мың теңге бөлінген.
Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Сәкен Жұманқұлдың айтуынша, былтыр 30 269 қаңғыбас ит, 375 мысық ауланса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7 513 қаңғыбас ит ауланып, 9 110,5 мың теңге игерілген.
"Мемлекеттік сатып алу конкурсында облыста қаңғыбас иттерді аулау қызметін ұтып алған облыстық ветеринариялық станциясының 12 аулау бригадалары халықтан және "Жамбыл 109" диспетчерлік орталығына келіп түскен өтініштер бойынша жұмыстар атқаруда. Иесіз жануарларды аулау заңдылықтарға сәйкес гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдану арқылы жүргізілуде. Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас аудандарында және Тараз қаласында уақытша ұстау орындары қолданысқа берілді. Сарысу ауданында жеке панажай жұмыс істеуде.
Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында әкімшілік тарапынан жалға алған уақытша ұстау орындарында ұстауда. Басқарма тарапынан жануарларды есепке алу ақпараттық жүйесі "IT-COR" порталымен 6 миллион теңгеге келісімшартқа отырып, 2024 жылы "IT-COR" дерек қорына барлығы 4 111 ит тіркелді, оның 618-і жеке тұлғалардың, 346 сы иелері осал топқа жататын тұлғалардың және 3 147-і қаңғыбас ит. Оның ішінде 1 414 итке вакцинация, стерилизация және кастрация жасалып, ережелерге сәйкес 1 379 ит қайтадан табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ал биыл "IT-COR" дерек қорына 54 ит тіркелді", – дейді Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Сәкен Жұманқұл.