Жоба құны 216,8 млрд теңгені құрайды.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мусабаев Жаңаөзен қаласына барды. Мұнда депутат газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Аталған жоғары технологиялық нысан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеруде, деп жазады baq.kz.
Жоба құны 216,8 млрд теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмысы биыл 3 наурызда басталды. Жаңа нысанның қуаты жылына 900 миллион текше метр табиғи және ілеспе газ өндіруге қауқарлы. Бұл – еліміз үшін аса маңызды стратегиялық нысан. Жобаны 2027 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Бүгінде зауыттың негізгі іргетастары қаланып, сыртқы инженерлік желілер тартылды. Сондай-ақ автотұрақ аумағына асфальт төсеу жұмысы аяқталды. Қосалқы стансада жерге тұйықтау жүйесінің алғашқы кезеңі тәмамдалып, уақытша электр қуатымен қамту желісі іске қосылды. Сонымен қатар автокөлік таразылары орнатылып, уақытша қойма жабдықталды.
Жаңаөзен қаласында жұмыс істеп тұрған ескі Қазақ газ өңдеу зауыты сонау 1973 жылы ашылған еді. Өндіріс қуатын арттыру мақсатымен салынып жатқан жаңа зауыт сұйытылған газ тапшылығын жояды. Нысан құрылысы талапқа сай салынып, белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс. Бұл жұмыс ұдайы біздің бақылауымызда болады, – деді депутат Самат Мусабаев.
Бүгінде құрылыс алаңында зауыттың «Негізгі технология» бөлімі бойынша күрделі кешендер жұмысы жүргізілуде.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы – еліміздің ішкі нарығындағы табиғи газдың ең ірі тұтынушысы. Бұл ретте, жылдан-жылға дамып келе жатқан инфрақұрылым (тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы) есебінен табиғи газға сұраныс артып келеді.
Осыған байланысты, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ұзындығы 506,5 шақырым магистралдық газ құбырларын салу көзделуде. Жалпы, аталған бағдарлама аясында аймақта өңдеу өнеркәсібі саласында 2,2 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.