Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды

0
835

Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп немесе оқып жүрген еліміздің 191 азаматы және Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан барған 70-ке жуық қандас тұрады.


Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды

Жапонияда қазақтар қауымдастығы құрылды. Оның ашылу салтанаты Қазақстан Елшілігінде өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жапонияда тұратын Қазақстанның азаматтары мен қандастарды біріктіру мақсатында осындай қоғамдық ұйым алғашқы рет құрылды.
Қазіргі уақытта, Қазақстан Елшілігінің деректеріне сәйкес, Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп немесе оқып жүрген еліміздің 191 азаматы және Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан барған 70-ке жуық қандастар тұрады.
Іс-шара барысында «Juntendo» университетінің клиникасында хирург болып жұмыс істейтін қауымдастықтың басшысы Әбдібек Қалыбек бірлестік қызметі туралы таныстырлым өткізді.

«Кәсіпкерлер арасында өзара ынтымақтастықты орнату, мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру және ақпараттық қолдау қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары ретінде айқындалған.
Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Жапонияда тұратын отандастар өздерінің бірлігін көрсетіп, Қазақстан халқына гуманитарлық көмек жіберу үшін күш біріктіргенін және соның нәтижесінде қауымдастық құру идеясы туындағанын мәлімдеді», - делінген хабарламада.

Ашылу рәсімі барысында онлайн форматта Жапониядағы қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов өз сөзінде шетелдегі отандастармен байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, отандастардың тілдік және этномәдени бірегейлігін сақтауға ықпал ететін қор бағдарламалары туралы хабардар етті.