Бөлмеде отырған өзге құрбылары болып жатқан оқиғаны сырттай бақылап, жәбірленген қызға араша түспегені байқалады.
Фото: видеодан алынған
ERNUR.KZ. Полиция бейнежазбадағы қыздарды анықтады. Олар Павлодардағы колледждердің бірінде оқитын студенттер болып шықты, деп жазады inform.kz.
Әлеуметтік желіде бір топ қыздың арасында әлдебір бойжеткеннің өзімен шамалас қызды ұрып жығып, аяусыз соғып жатқаны туралы бейнежазба тарап кетті. Бөлмеде отырған өзге құрбылары болып жатқан оқиғаны сырттай бақылап, жәбірленген қызға араша түспегені байқалады. Ал келесі эпизодта сотқар қыз жәбірленушіні жерге құлатып, бірнеше соққы жасағанын көруге болады.
Бұл видеоның Павлодарда түсірілгені анықталды.
«Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталып жатыр», — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал өңірлік білім беру басқармасы соққыға жығылған қыздың 2005 жылғы, ұрып-соққан қыздың 2008 жылы туғанын хабарлады. Соңғысы жергілікті колледждің екінші курсында оқиды. Жәбірленуші кәмелет жасына толған. Ол оқиғаға байланысты полицияға арыз түсірмеген, соған орай оның жеке басына қатысты деректер айтылмай отыр.