Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды.
Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық, деп жазады inform.kz.
– Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады, – деп жазды Берік Уәли.
Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді.
– Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталған жөн. Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті. Франциямен бірге Эр-Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастырды. Осы жауапты миссияларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті, - дейді Президент кеңесшісі.
Айта кетейік, Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеу¬меттік-экономикалық даму¬дағы іргелі өзгерістер мен табыстар туралы баяндады.
Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хат¬та¬масы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды.