Жетісуда сот орындаушысы 2 млн теңгеден астам алимент қаражатын жымқырған

0
80

Бір жағдайда сот орындаушысы борышкердің жалақысынан өндіріп алуды 2025 жылдың сәуір айынан бастаған.


Жетісуда сот орындаушысы 2 млн теңгеден астам алимент қаражатын жымқырған

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Талдықорған қаласында жеке сот орындаушысы заңсыз жолмен баю схемасын қолданып, балаларды алиментсіз қалдырған, деп жазады sputnik.kz.
Бірінші кезеңде ол алимент төлемдерін өндіріп алу мақсатында борышкерлердің жалақысынан сомаларды ұстап қалу туралы қаулы шығарып, жұмыс берушілерге жіберген.
Одан әрі ақша түскеннен кейін ақшаның көп бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын алимент өндіріп алушыларға аударған.
"Мысалы, бір жағдайда сот орындаушысы борышкердің жалақысынан өндіріп алуды 2025 жылдың сәуір айынан бастаған. Жұмыс беруші сәуір айынан маусым айына дейін жеке сот орындаушысының шотына 570 мың теңгеден астам сомаға алимент төлемдерін аударған. Сот орындаушысы алынған соманың 170 мың теңгесін ғана өндіріп алушыға аударып, қалғанын жымқырған", - деп жазылған хабарламада.
Тексеру кезінде белгілі болғандай, ол осыған ұқсас схеманы бірнеше рет қолданып, оның көмегімен 2 млн теңгеден астам соманы қалтасына салған.
Талдықорған қаласының прокуратурасы өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша жеке сот орындаушысына қатысты Қылмыстық кодекстің 251-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.