"Жүйкем сыр бере бастады": Қосанов сайлаудан кейін ауруханаға түскен

0
1 303

Қосанов 12 млн қатысушысы бар үлкен науқанның оңай болмағанын айтады.


ERNUR.KZ. Саясаткер Әміржан Қосанов сайлаудан кейін неліктен төсек тартып жатып қалғанын түсіндірді. Айтуынша, сайлау тек жүйкесіне емес, жүрегіне де кері әсерін тигізген, деп хабарлайды Stan.kz.

«Адам 120 адамға той жасаса да шаршайды. Ал мен 12 млн қатысушысы бар үлкен науқанға араластым. Жан-тәніммен шын берілдім. Осы сайлауда өркениеттік стандарттарды көрсеткім келді. Өзім дайындалып, сөздерімді өзім жаздым. Жасыратыны жоқ, ұйықтаған жоқпын. Өйткені, қалай болады екен деп ойланасың.

Тәбет те болмады, жүйке де тозған сияқты. Екі айдың ол жақ, бұл жағында өзімді тік ұстап жүргеніммен, сол сайлау бітіп, алғашқы баспасөз мәслихатын беріп, төсек тартып қалған анама келе жатқанда біреу «Боп-боз болып кетіпсіз» деді. Артынан дәрігерлер екі ай бойы шаршағаныңыз бір күнде сезіліп жатыр», - деді Әміржан Қосанов.

Әрі қарай ол қазіргі таңда көп уақытын емхана мен төсек тартып жатып қалған анасы екеуінің арасында өткізіп жүргенін айтты. Сондай-ақ, сайлау науқанынан кейін жүйкесінің де сыр бере бастағанын жасырмады.

«10 күндей ауруханада жатып, денсаулығымды түзеп алдым. Бұл науқан жүрегіме, қан қысымыма әсерін тигізді ме деп қорқамын. Қазір емхана мен шешемнің жанында жүрмін. Денсаулығыма назар аударғаныңызға рахмет. Бұл сайлаудың оңай болмайтынын мен білдім. Жүйкеге ғана емес, жүрекке де, ойға да, санаға да, менің болашақтағы қимыл-әрекетіме де әсер ететін үлкен науқан болды. Сол себепті қазір оның сабақтарын түйіндеп жатырмын», - деді саясаткер.