Жұмысшы мамандықтар жылы: колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударылады

0
102

Мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге 150 мың студент қабылдау жоспарлануда, бұл ретте орындардың 70%-ы техникалық бағыттарға бөлінген.


Жұмысшы мамандықтар жылы: колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударылады

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде шаралар кешенін жүзеге асыру туралы баяндады. Ол биыл жұмысшы мамандықтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Осы бағыттарды таңдаған барлық студенттер колледждерде тегін оқиды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге 150 мың студент қабылдау жоспарлануда, бұл ретте орындардың 70%-ы техникалық бағыттарға бөлінген.

Кәсіпорындардың өтінімдері бойынша, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен мақсатты мемлекеттік тапсырыс арқылы оқитын студенттер саны үш есеге артып, 30 мың адамды құрады. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 45 мыңға дейін жеткізілмек.

Техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде де оқу процесінде жасанды интеллект технологиясын енгізу басталады. Колледждерде онлайн білім алу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілген болатын. Бұл бастама IT мамандықтары бойынша кадр даярлауда қолданыла бастайды. Жаңа оқу жылында отандық 5 колледжді халықаралық деңгейге көтеру жоспарланып отыр.

«Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайтуға ерекше назар аударылады. Дуальды оқыту тәжірибесі кеңеюде, ал колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындардың саны бір жылда жеті есеге өсіп, 4 мыңға жетті, бизнеспен бірлесіп 10 мың білім беру бағдарламасын әзірледі. Жаңа оқу жылында 1,5 мың оқытушы кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырады», — деп толықтырды Ғани Бейсембаев.