Зияткерлік меншік саласында сыйақы төлеу процесі кезең-кезеңімен автоматтандырылуда

0
98

Еліміздің жаңа Конституциясында алғаш рет зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны туралы ереже бекітілді.


Зияткерлік меншік саласында сыйақы төлеу процесі кезең-кезеңімен автоматтандырылуда

ERNUR.KZ. Бұл норма Негізгі Заңда көзделген адамға бағдарланған тəсілге сəйкес келеді жəне мемлекеттің дамуындағы адамның зияткерлік жəне шығармашылық əлеуетінің артып келе жатқан маңызын көрсетеді. Бүгінде зияткерлік меншік жүйесін дамыту шығармашылыққа, инновацияларға жəне технологиялық дамуға жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл ретте құқықтық қорғауды қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар құқықтарды іс жүзінде тиімді іске асыру да ерекше маңызға ие. ҚР әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның айтуынша, осындай бағыттардың бірі – авторлық жəне сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін жетілдіру. Бұл салада Əділет министрлігі туындыларды пайдалануды есепке алу, сыйақыны бөлу жəне төлеу процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған Бірыңғай цифрлық платформаны іске асыруда.

Осы тұрғыда 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру жəне жасанды интеллект жылы болып жариялануының символдық мəні бар.

«2025 жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол 2026 жылғы 24 қаңтарда күшіне енді. Заңның негізгі жаңалықтарының бірі - зияткерлік меншік саласындағы Бірыңғай цифрлық платформаны құру жəне енгізу. Платформа құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың (ҚҰБҰ) қызметінің ашықтығын, сондай-ақ жиналған сыйақыны əділ бөлу мен төлеуді қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Платформа немесе қысқаша БЦП авторларды жəне құқық иеленушілерді, ҚҰБҰ мен туындыларды пайдаланушыларды бірыңғай цифрлық ортада біріктіреді. Платформада шарттар жасасу, туындылардың пайдаланылуын есепке алу, есептілікті ұсыну, сыйақыны бөлу жəне төлеу процестері кезең-кезеңімен автоматтандырылады», – деді вице-министр.

Платформаны үш кезеңде енгізу көзделген. Қаңтарда басталған бірінші кезең радиостанциялар, телеарналар, кабельдік жəне спутниктік операторлар мен таза тасымалдағыштар саласын қамтиды.

2026 жылғы 1 шілдеден басталған екінші кезең театрларды, филармониялар мен кинотеатрларды қамтиды. Үшінші – ең ауқымды кезең кафелерді, мейрамханаларды, сауда орталықтарын, қонақүйлерді жəне бизнестің басқа да санаттарын қамтиды.