​Бұл ФИЛЬМдерді көрсеңіз, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІлерді өшіріп тастайсыз

0
243

Әлеуметтік желілердің көпшілік білмейтін құпияларын, тәуелділіктің салдарын дәл көрсетеді


​Бұл ФИЛЬМдерді көрсеңіз, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІлерді өшіріп тастайсыз

Сурет: ЖИ

Әлеуметтік желілер біздің әдеттерімізді, өмірімізді түбегейлі өзгертті. Екінің бірі сурет-видеоларын салып, жұртпен бөлісуге құмар. Сол үшін қымбат смартфон алып, сәтті ракурс таңдап, өңдеу құралын қосып әлек.

Бірақ өзгелердің лүпіл басуы мен пікір жазуы өз сезімдеріңізден маңыздырақ бола бастағанда не болады? Лайк пен көпшіліктің назарын аңсау қандай қауіпке жетелейтіні, жазылушылар үшін жан алысып-жан берісе күресуге мәжбүрлейтіні, шындық пен образ арасындағы шекара жойылса не болатыны туралы ең әсерлі экрандық туындыларды жинадық.


«Байланыс жоқ» (2012)

Бір-бірімен байланысын жоғалтып алған, бірақ цифрлық иллюзияларға мықтап жабысып қалған бірнеше адамның тағдыры тоғысады. Күнделікті мәселелер – жалғыздық, сенімнің жоқтығы, шынайы назарды аңсау телефон мен ноутбук экрандары арқылы көрініс табады. Адамдардың бір-бірін шынайы іздемей, оқшаулануы туралы және ыңғайлы аватарлардың артына тығылу қаншалықты оңай екенін дәл көрсететін драма.


«Қара айна» (2019)

Әрбір лайк «қалыпты» өмірге өткізу қағазы болатын параллель әлем суреттеледі. «Мінсіз» бейнелерге кішкене сызат түссе болғаны, қоғам еш аяусыз «дизлайк» түймесін басады. «Еңіс» эпизодының кейіпкері әлеуметтік рейтингін көтеру үшін бәріне баруға дайын. Сол үшін сыпайы, ақкөңіл болуға тырысып, бәріне ұнаймын деп түрлі образға кіріп жүріп, өзінің шын мәнінде кім екенін мүлде ұмытып қалады.

«Валдоның сәті» эпизодында « Егер қоғамның көңіл-күйіне сай жасалған виртуалды клоунды билікке жіберсе не болады?» деген сұраққа жауап табуға тырысады. 2019 жылы ол болашаққа арналған зұлым сатира еді, қазір – бүгінгі күннің шындығы.


«Достыққа сұрау жіберу» (2015)

Достарды мұқият таңдау керек. Шынайы өмірде де, онлайн қарым-қатынаста да. Жас студент қыз әлеуметтік желіде жаңа танысты қуана қабылдайды. Ары қарай қорқынышты оқиғалар тізбегі басталып кетеді. Жаңа «құрбы» назарға өте тәуелді болып шығады, көңіл бөлмей қалса, қатты алушанады. Сталкер қызды достар тізімінен өшіргеннен кейін кейіпкердің өмірі қауіп пен қорқынышқа толады. Бұл хоррор адамның деңгейі, өзі бағалауы жазылушылар санына байланысты болғанда және ойын ережелерін виртуалды әлем орната бастағанда шынайы өмірдің қандай хаосқа айналатынын көрсетіп береді.


«Эйфория» (2019)

Ру және оның достары кез келген эмоция айқын, ал кез келген сезім әдемі болуы тиіс әлемде өмір сүреді. Бәрі де өзін басқаларға жарқын, еркін, күшті етіп көрсеткісі келеді. Әлеуметтік желілер шындықты емес, тек басқалардың көргісі келетін нәрсесін ғана көрсететін айнаға айналады. Бұл жарқын, қатыгез әрі шынайы оқиғада кейіпкерлер өзін табуға тырысады. Бірақ әлеуметтік стандарттардың қысымына жиі ұшырайды. Ал әрбір қателік бүкіл әлемге көрсетіледі. Кейіпкерлерге шынайы өмір мен виртуалды өмірдің аражігі қай жерде екенін түсіну қиындай түседі. Олардың бастан кешкен оқиғаларын бүкіл әлем бойынша мыңдаған көрермен бақылайды.


«Ингрид батысқа бет алды» (2017)

Бұл фильмде де барлығы әлеуметтік желіден көрген әдемі өмірді армандайды. Басты кейіпкер – жалғызбасты қыз Ингрид танымал инфлюенсерге ессіз беріліп, армандаған ортасына сіңісу үшін Лос-Анджелеске көшіп барады. Өмірінде бет-бейнені өңдеуші фильтрлерге, лайктарға және жалған эмоцияларға толы жаңа кезең басталады. Бірақ әрбір әдемі кадрдың артында бос кеңістік, ал әрбір стористің артында байқалуға деген жанұшырған тілек жасырылған. Бұл – өз өміріңді біреудің жаңалықтар лентасының төңірегінде құрғанда не болатынын көрсететін ақылды сатиралық трагикомедия.


«Аштық ойындары» (2012-2023)

Мұнда шоу – жай ғана ойын-сауық емес, аман қалу жолындағы қанды қырғын. Кейіпкер Китнисс сенің өмірің қоғамның мақұлдауына тәуелді болатын реалити-шоуға тап келеді. Миллиондаған көрермен кімнің өмір сүріп, кім өлуі керектігін өзі таңдайды. Әрбір қимыл, әрбір күлкі және әрбір көз жасы контентке айналады. Осылайша қызық көруге деген құмарлықтың адамдарды қалай қуыршаққа айналдыратынын, ал қарсыласудың бүкіл ұлт алдында қалай халық жауына айналатынын көрсетеді.


«Мейнстрим» (2020)

Жас видеомейкер қыз Фрэнки айналасына аудиторияны оңай жинайтын харизмасы бар, ерекше жігітпен танысады. Олар бірге вирус контент жасап, артист Линкті интернет жұлдызына айналдырады. Бірақ әр видео сайын жігіт өзгере түседі. Шоу қаншалықты шулы болса, оның әрекетінде адамгершілік соншалықты азая түседі. Фильм танымалдық мәдениеті, жұлдыз аруы туралы мәселе қозғайды. Егер көпшілік күн сайын жаңа жанжал талап етсе, шоу жасаушылар оны көрсету үшін қандай айла-амалдан болсын тартынбайтынын ашық көрсетеді.


«Әлеуметтік дилемма» (2020)

Ірі әлеуметтік желілерді жасаушылар цифрлық тәуелділікті қалыптастыру үшін қалай жұмыс істейтінін баяндайтын ашық деректі фильм. Көрерменге лайктар, хабарламалар және шексіз лента индустриясының сыртына көз жүгірту ұсынылады. «Бәрі де біздің мақұлдаудың жаңа порциясы үшін үнемі қайтып оралатынымыздай етіп жобаланған» деген ойды жеткізеді. Бұл туынды – цифрлық танымалдықтың бағасы біздің уақытымыз, ұйқымыз, назарымыз бен эмоционалды денсаулығымыз екендігі туралы ескерту.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Неге бәрі ЖАС КӨРІНГІСІ келеді немесе ӨЗ ЖАСЫҢДЫ ҚАБЫЛДАУдың маңызы

ЕСКІРГЕН, бірақ тастауға обал ТОНнан не жасап алуға болады?

Астанада ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ түсірген ФИЛЬМДЕР фестивалі өтті