«Қайраттың ақшасына қарап қалған жеріміз жоқ»
Әлеуметтік желіде Қайрат Нұртастың ата-анасы, бауырлары және балаларының дастархан басында отырған видеосы тарады. Желі қолданушылары әдеттегідей Қайрат Нұртас пен Жұлдыздың жеке өміріне қатысты әртүрлі пікір жазды.
Жұлдызды отбасының желідегі оқырмандарының бірі «Осылардың бәрін Қайрат пен Жұлдыз және папасы мен мамасы асырап отырған сияқты» деп пікір білдірді.
Ал бұл пікірді Қайраттың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова жауапсыз қалдырмады. «Уайымдамаңыз, бәрінің өзіне жетерлік табысы бар. Бірақ сіз оны білмеуіңіз мүмкін. Халықтың ұлы Қайрат болған соң, ол не істесе де сіздер білесіздер. Басқалары көрсетіп жұмыс істеуге міндетті емес. Заңғардың қырық шақты жұмыскері бар. Заңғар солардың нәпақасының табуына себепкер болып, сауапты іс жасап жатыр. Балаларым біреуге жұмыс істемеуі мүмкін, бірақ бас-көз болып жұмыс істетеді», - деп жауап берді.
Тағы бір желі қолданушысы «Қайрат анасына "Жұлдызбен, балаларыммен бірге тұрайын. Сіздерге Жұлдыз, балалармен келіп тұрамыз" деп неге айтпайды? Әлде анасы Қайрат кетсе, "Ақшадан айрылып қаламын" деп қорқа ма? Керісінше, «Балам, бар, өз отбасыңмен тұр» деп неге айтпайды? Соған таңым бар» деп пікір қалдырған еді, продюсер оған да жауап қайтарды.
«Осылар жақсы өмір сүрсін» деп инемен құдық қазғандай бар өмірімді соларға арнадым. Күшімді де, ақшамды да неге өзіме жұмсамадым екен? Елдер сияқты өзіме мейрамхана ашып, сықырлатып ақша санап отырсам, біреу қолымды қағатын ба еді? Бірақ солар жақсы өмір сүрсін деп қана өмір сүріппін. Кім не ойласа да, менің ұрпағым. Олардың қай-қайсысы болса да, мына менің өмірімнің жалғасы. Сырттай балгер болып отырған сенің өмірің олардан артық болса, онда мен қоя салайын. Шашым жалбырап, үй бетін көрмей, ешкім жасамаған концерт жасасам, «Бірін киноға түсіріп, актриса етсем» деп неге жүрдім екен? Әлде мен көріме алып кетеді ме екенмін? Неге бәрі ақшаға тіреліп тұр екен? Жоқ, әлде ақшасыз, ішерге асы, киерге киімі жоқ келін мен немерелерімді көріп отырмысың? Әлде менің кірімді жуып, асымды әзірлеп, үй тірлігінен шыға алмай, не базарда сауда-саттық жасап, мені не өздерін асырай алмай мазалары қашып жүр ма екен, бұл не әңгіме?!
Олардың табысына қарап қалатындай дәрменсіз емеспін. Алақан жайып, үйде отырған кезім де жоқ. Сол баяғы сауда-саттығым, дүкенім мен кәсібім, Нұрекеңнің жиған ірі қарасы екеумізге жетеді. Сол себепті менің қалтамды санап әлекке түспесең де болады. Ең мықты үй соларға алынған. «Сатып, коттедж алып жатырмын» десе, келін кішкентай бала емес, өзі біледі. Оның да бір есебі бар шығар. Ол үй қайда, ақшасы қайда деп отырмайтын шығармын. Өртеп жіберсе де өздері біледі. Олар қалай жүріп тұрса да, әкелерінің табысы. Сырттан ақша келіп жатқан жоқ. Ал немерелеріме өскенде берілетін пәтерлерінде сіздің шатағыңыз болмағаны дұрыс. Уақыты келеді, ешқайсысы мүліксіз қалмайды. Мен көріме алып кетіп бара жатсам, сол айтарсыздар. Сол әулеттің енесі, анасы мен шығармын», - деп жауап берді Гүлзира Айдарбекова.