"Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй – зілзаладан жүрегі шайлығып қалған бұқара психикасына қауіпсіздік көңіл күй береді" дейді әнші.
Белгілі әнші Сәкен Майғазиев өзінің оқырмандарына ерекше ұсыныс тастады. Ол Түркиядағы зілзаладан қираған үйлер қалыпқа келгенше, ондағы тұрғындарға киіз үй жіберуді қолдап жазба жариялады. Негізі бұл идеяның авторлары белсенді Нұрбек Бекбау мен Арман Шора екен.
Сәкен Майғазиев: "Нұрбек Бекбау бауырымыз, Арман Шора т.б атқамінерлермен ақылдасып игі шара қолға алынды. Түркиядағы алапат жер сілкіністен үйлер қирап, біраз кісі опат болды. Аман қалған туысқан түрік ағайындарымыз шиттей бала-шағасымен ашық алаңдарда, суық далада жүр. Бой жылытуға, үйге кіруден қорқып отыр.
Осы сәтте, Қазақ жұрты боп, жүздеген киіз үй жіберсек.
Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй – зілзаладан жүрегі шайлығып қалған бұқара психикасына қауіпсіздік көңіл күй береді.
Ең бастысы Ата жұрттан келген көмекті сезінер еді. Алыста болсақ та, туысқан жұртты жалғыз қалдырмайтынымызды сезінер еді.
“Түркияға 100 киіз үй” науқанын бастайық. Бұл шаруаны мен Нұрбек Бекбау бауырымыз мойнына алды".
Бұл жазбасын көп оқырмандар қолдап, қираған үйлер қалыпқа келгенше жақсы мүмкіндік болатынын жазуда.
Естеріңізге сала кетейік Түркия мен Сирияда көп балдық жер сілкінісі тіркеліп, 5000 астам адам қаза тапты. Қазір оларды құтқару жұмыстары жүріп жатыр.