Әнші өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.
ERNUR.KZ. Бүгін Алматы қаласында Junior Eurovision байқауында екінші орын иеленген қазақстандық жас әнші Ержан Максимнің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиынға Ержанның анасы Гүлмира Әлібек, "Хабар" телеарнасының директоры Динара Бисембина, сондай- ақ, "Алекс" ЖШС Бас директоры Арман Бакеев қатысты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Күні бүгін елге оралған Ержан беделді халықаралық байқауда екінші орын алғанына қуанышты екенін айтып, өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.
"Екінші орын да жаман нәтиже емес. Ештеңеге өкінбедім. Бұдан да басқа қиындықтар өтті. Өз еліме, Қазақстаныма екінші орын әкелгенім үшін қуаныштымын. Байқау аяқталғанда бәрі "Қазақстан" деп айғайлағаны есімде қалды", - деді ол.
Сонымен қатар, Junior Eurovision байқауының екінші орын иегері байқау қорытындысын жариялаған сәтте дұға жасап отырғанын жеткізді.
"Мен дұға айтып отырдым, жылауға дейін бардым. Төрт қыздың қолынан ұстап, қатты қобалжыдым", - деді Ержан.
Жас талант байқау барысында кезіккен қиындықтарды да жасырған жоқ.
"Сахна алдында нөмірге байланысты қиындық болды. Құлағым кішкентай, құлаққап сыймай қалды. Оны скотчпен жабыстырып қойды", - деді ол.
Ал Ержанның анасы Гүлмира Әлібек ешкімге реніші жоқ екенін айтады.
"Ержан әділ -қазылар тарапынан ең жоғары балл алды. Көрермендер тарапынан жетпеді. Ержанда да, менде де ешқандай реніш болған жоқ. Халықты кінәлап жатқандар бар. "Кешірші, даусымыз жетпей қалды" деп жатыр. Біз ешкімді кіналамаймыз. Әр байқаудың ережесі бар. Ол дұрыс немесе дұрыс емес деп айта алмаймыз. Италия, Португалия делегациялары келіп, құттықтап жатқанда қатты қуандық", - дейді ол.
Айта кетейік, Ержан Максим Польшада өткен Junior Eurovision байқауында екінші орын иеленген болатын.