«Сүтім шықпай қалды» деп шешім қабылдауға асықпаңыз (жас аналарға кеңес)

0
18 304

Омырау сүтінің азаюына немесе жеткіліксіз болуына әдетте ананың стресті жағдайда жүруі және дұрыс емізбеуі себеп болады. Жас ана шаршаған немесе дұрыс тамақтанбай жүрген болуы мүмкін.


«Сүтім шықпай қалды» деп шешім қабылдауға асықпаңыз (жас аналарға кеңес)

Баланың жылай беруі, жайсызданып, мазасыз қалыпқа енуі, т.б. барлығы да жас ата-аналар үшін уайымы көп сауалға барып негізделеді.

Әлбетте, соның бірі – омырау сүтінің жеткілікті болуы. Мұндай сәтте жас анаға ересектердің, тәжірибесі мол апаларымыздың, сондай-ақ арнайы мамандардың кеңесі қажет-ақ.

Ең алдымен «нәрестеме сүтім жетпей жатыр» деген ойдан арылып, ерте бастан шешім қабылдамау керек. Бұл сауалға жасананың өзі де жауап таба алады. Ол үшін мынадай белгілерге баса назар аудару қажет.

Сүттің мөлшері қалыпты екендігін мынадай белгілерінен байқауға болады

  • Сіз сәбиіңізді қалауы бойынша емізесіз
  • Баланың жаялығын жиі ауыстырсаңыз
  • Нәресте дұрыс өсіп келеді

1. Егер сәбиіңізді жүйелі түрде емізсеңіз (түнде де) және еміп болған соң ол жайлы түрле тәтті ұйқыға кетер болса, сонымен қатар, еміп бола салысымен ешқандай да жайсызданбай сабырлы қалыпқа түссе, демек, омырау сүтінің жеткілікті екендігі.

2. Қалыпты жағдайда үш аптадан асқан нәрестенің жаялығы тәулігіне кем дегенде 5-6 рет ауысады. Яғни, ол әр тамақтанудан соң (емізуден кейін) міндетті түрде кіші дәрет шығарады. Сонымен қатар, нәресте күніне кемі екі рет үлкен дәрет шығарса, ендеше, «сүтім аз» деп уайымдауға негіз жоқ.

3. Нәрестенің айналаға қызығушылығы, алған әсеріне де мән беру қажет. Ол қалй дамып келеді? Оған түрлі дыбыстар мен көріністер әсер ете ме? Қызыға қарай ма? Мұның барлығы жас ананың мұқият назарында болуы тиіс. Сондай-ақ, балалар дәрігерінің қарауында болғанда баяндап отыруы керек. Дәрігер де баланың дұрыс дамып келе жатқанын айтса, бұл да омырау сүтінің жеткілігінен хабар береді.

Кей жағдайда расында да омырау сүтінің азаюы немесе жетіспеушілігі орын алады. Ғылыми тілде ол гипоголактия – яғни, «сүт мөлшерінің азаюы» деп аталады. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайдың кейбірінде ғана оны қалпына келтіруге болмайды екен (мәселен, ананың бойында гормоналды дерт пайда болса...). Сондықтан да ешқандай да байбаламға жол бермегеніңіз дұрыс. Алдымен расында да сүт мөлшері азайған ба, жеткіліксіз бе, соны анықтап алуға тырысыңыз.

Омырау сүтінің жеткіліксіздігі мынадай жағдайлардан білінеді:

  • нәрестенің жаялығын сирек ауыстыруға тура келсе;
  • нәресте бұрынғысына қарағанда мазасыз, жиі оянып, емізген соң бірден ұйықтай қоймай жылай берсе;
  • емізіп болған соң омырауды сығып көргенде одан мүлде сүт шықпаса;
  • омыраудың жұмсақ бола бастауы, кішіреюі.

Мұндай жағдайлар байқалғанда бірден дәрігермен кеңесу қажет.

Омырау сүті азаймау үшін не істеу керек?

Омырау сүтінің азаюына немесе жеткіліксіз болуына әдетте ананың стресті жағдайда жүруі және дұрыс емізбеуі себеп болады. Жас ана шаршаған немесе дұрыс тамақтанбай жүрген болуы мүмкін.

Бастысы, уақытынан бұрын уайымға салынбай, сабырлы қалыпты сақтаған дұрыс – дәрігерлердің айтуынша, бірнеше күннің ішінде омырау сүтін қалпына келтіруге болады. Кейде азайып кеткен сүттің толық қайта қалпына келуіне екі апта уақыт кетеді екен. Сол уақыт ішінде нәрестеге қосымша тамақ беруге тура келеді.

Бірақ, есте сақтаңыз! Бүгінде шығарылып жатқан нәрестеге арналған қосымша тамақтар ана сүтін алмастыра алмайды және оның жасанды екендігін естен шығармағаныңыз абзал. Тек дәрігердің нұсқаған қосымша тамағын ғана пайдаланыңыз.

Мына кеңес ЖАС АНАларға арналады

  • Емізуге қашанда алдын ала дайындалыңыз
  • Нәресте омырау үрпісін аузына дұрыс салып жатыр ма, мұқият қадалағану қажет. Ему кезінде нәрестенің ұйықтап кетпеуін және басқа жағдайларға алаңдамауын қадағалағаңыз. Емізіп отырғанда сөйлемеу қажеттігін біздің апа-әжелеріміз қатаң ұстанған.
  • Омырауға күтім жасаңыз. Арнайы омырау үрпісінің жарылып кетпеуін қамтамасыз ететін кремдерді пайдаланып, жиі жуынып, таза ұстауға тырысыңыз.
  • Жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішу қажет. Өзіңізге жағдай жасап, күні бойына кез келген уақытта шай, газсыз су немесе тәттісі аз нәрсу ішіп тұруға дайындық жасап қойыңыз. Емізу кезінде де дәрігерлер күніне 2 литрден кем емес сұйықтық ішу қажеттігін айтады.
  • Қашанда сабырлы қалпыңызды сақтаңыз. Босанған соң алғашқы айда мүмкіндік болса, көбірек ұйықтауға тырысыңыз. Жас ананың бойындағы стресс көбіне ұйқысының қанбауынан басталады. Содан барып психологиялық тұрғыдан сүттің азаюы мен жеткіліксіздігі орын алады.

Гиполактия көбіне жас аналарда және босанған сәттен бастап орын алады. Сондықтан да болашақта омырау сүтімен емізуге жүкті кезден бастап дайындалған дұрыс. Дұрыс емізудің техникаларымен жүктіліктің соңғы айларында мұқият танысқан жөн.

Дайындаған – Ә.Уалиханқызы,

ERNUR.KZ