"Ата-анаңызға ұзақ өмір тілемеңіз": шымкенттік келіншек мағыналы ғұмыр сұрау керегін айтты

0
291

"Өз басым ұзақ өмір сұрамаймын. Жүзге келіп өзімді де, өзгені де қинағым келмейді"


Сурет: i.pinimg.com

"Қалаған асыңды жей алмасаң, ешкімді танымасаң, ішкен шайыңды өзін «төгіп» келе алмасаң, екі күннің бірінде ауырып қала берсең – оның несі жақсы? Өз басым ұзақ өмір сұрамаймын. Жүзге келіп өзімді де, өзгені де қинағым келмейді"

Шымкенттік Жанерке есімді келіншек ERNUR.KZ тілшісімен әңгіме үстінде енесінің осылай дегенін айтты. Тереңірек үңілсеңіз, астарындағы мәнді түсініп, келіспеске лаж қалмайды.


"Әжемнің туған күнінде бәрі «Жүз жасаңыз» деген тілек айтты. Қонақтар тарқаған соң өзіміз отырып шай іштік. Сол кезде әжем өмірінен сыр шертті.

«...Мен екі енемен тұрған келін болғанмын. Үлкен енем өмірінің соңғы жылдары төсекке таңылып қалған еді. Келім-кетім «Сіздің жасыңызды берсін!» десе, әжем марқұм «Алланың берген жасын жасаймын деп айт» дей-тұғын ұрсып. Неге бұлай дейтінін кейін түсіндім ғой.

Ол кісі ұзақ жыл орнынан тұра алмай жатты. Асқазаны ет пен майлы тағамды көтере алмай, ауырып қала беретін. Жүре алмай қалғандықтан, бойында қан жүгірмейді, әлсіз. Сөйлесе де шаршап қалатын. Бір күні шомылдырып жатқанымда, ол кісі «Ұзақ өмір емес, мағыналы, мәнді өмір сұрау керек екен» деді күрсініп. Қатты қиналғанда «Құдай-ау, мені ертерек алып кетші» деп тілейтін. 93 жасында қайтты.

Әжеміздің қиналғанын көрген енем «Ешкімге күнімді қаратпасын, алжытпай, жатқызбай алсын Құдай» деп тілейтін болды. Ол кісі де ұзақ өмір сүрді. Бірақ соңғы алты-жеті жылында алжып, ешқайсымызды танымай қалды. «Мен бұл үйде тұрмайтын ем ғой. Қайда әкелгенсіңдер? Өз үйіме апарып тастаңдар» деп қас қарайғанша үйге кірмей сыртта отырып алатын. «Бір күн қонып шығыңыз, ертең апарамыз үйіңізге» деп алдап-сулап әрең кіргізетінбіз.

Әрине, «Асырайтын жасың болса, өлетұғын кәрің жоқ» деген сөз бар. Бірақ қалаған асыңды жей алмасаң, ешкімді танымасаң, ішкен шайыңды өзін «төгіп» келе алмасаң, екі күннің бірінде ауырып қала берсең – оның несі жақсы? Енемнің енесі айтпақшы, дұға жасағанда «Ұзақ ғұмыр бер!» деп емес, «Мәнді, мағыналы, қайырлы өмір бер!» деп сұраған дұрыс деп ойлаймын. Өз басым ұзақ өмір сұрамаймын. Жүзге келіп өзімді де, өзгені де қинағым келмейді» деді.

Әжемнің осы сөзінен кейін мен кез келген адамға тілек айтқанда «Мағыналы ғұмыр сүріңіз» дейтін болдым.