«Жұмысындағы бір еркекпен байланысқан екен»
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды
«Келіні жақсының керегесі алтын» деген сөз құба-құп айтылған. Балаңның сүйіп қосылған қосағы адал болса, жүрегінде мейірім болса, онда ана үшін одан асқан бақыт жоқ екен. Өкінішке қарай, маған мұндай бақыт бұйырмады», - дейді Күлипа апа.
Тараздық апаның он жыл бір шаңырақ астында тұрған келіні бір күнде ешкімге жақ ашпастан киім-кешегін жинап, балаларын ертіп кетіп қалыпты. Оқиғаның жай-жапсарын Күлипа апа ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«Шалым екеуміз екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, өсірдік. Екі ұл ержетіп, қызымыз мектеп бітірер шақта жолдасым өмірден өтті. Ол кезде біз қала шетіндегі жер үйде тұрушы едік. Шалым қайтқан соң балалар «үйді сатып, екі пәтер сатып алайық, сізге де оңай болады, артық жұмыс жоқ» деп, қарашаңырақты саттық. Үлкен ұлға деп екі бөлмелі пәтер, өзімізге төрт бөлмелі пәтер алдық. Сол жылы үлкен ұл үйленді де, көп ұзамай бөлек шықты. Екі жылдан соң кіші ұлым келіншек әкелді.
Келінім әскери қызметкер болып енді ғана жұмысқа кірген екен. «Балам-ау, әскери қызметтегі қыздар тік мінезді, еркекшора болады ғой, басқасы жоқ па еді» деп әзілдеген едім. «Мама, маған осы қыздан басқасы керек емес» деп тоқетерін айтты.
Келінім бастапқы бес жылда өте жақсы жүрді. Тірлікке, тамаққа пысық екен. Өзім де қарап отырмаймын ғой, ол келгенше қазанымды қайнатып қоямын. Келе сала дереу дастарханды жайнатып жіберіп, шүйіркелесіп шай ішіп аламыз. Үйленгендеріне жыл толғанда шекесі торсықтай ұл сыйлады. «Домда қайбір жұмыс бар дейсің, жұмысың да жақын ғой, істеймін десең қарсы емеспін, балаға өзім қараймын» деп оны еркіне жібердім.
Сөйтіп жүргенде немерем 5-ке келді, «Әй, енді екінші баланы жоспарласаңдаршы, үй бар, кредит жоқ, тумағанда не істейсің?» деп жүріп, екінші немерелі болдым. Келінім қыз босанды. Оны да өзім қарап, өзім өсірдім.
Екінші баласын босанған соң келінім өзгере бастады. Әскери шені өсті. Лауазымы жоғарылады. «Мама, бізге тексеру келді, соларды күтуіміз керек» деп кетеді. Түннің бір уағында келеді. Көңілімізде дым күдік-күмән жоқ. Күндер зырғып өтіп жатты.
Бір күні төркін жағымда інім келін алатын болды да, «Әпке, сіз барасыз, ертерек келіңіз, құдалықтың ертеңіне беташар болады, соларды өткізіп бір-ақ қайтасыз» деді. Немерелерді келін мен балаға тастап, киім-кешегімді алып, төркінге кеткенмін.
Мен кеткен күні келінім киім-кешегін жинап, тіпті үйдегі кесе, қасыққа дейін ұқыптап салып, көшіп кетіпті. Балам жұмыста болған. Үйге келгенде астаң-кестеңі шыққан үйді көріп, ұры түсті ме деп ойлаған ғой. Дереу полиция шақырып, әйеліне хабарласқан. Онысы тұтқаны көтермей қойған. Бір кезде сөредегі бір жапырақ қағазды оқып, мән-жайды түсінген.
Келін шырақ «Мен сенімен бұдан әрі бақытсыз болып жүргім келмейді. Сені сүймеймін, осынша жыл өмірімді арнап, екі перзентіңді туып бергенім үшін мені кешіресің деп ойлаймын. Балаларды уайымдама, қалаған уақытыңда көріп тұрасың» деп жазып кетіпті.
Той-пойды өткізіп, үйіме келсем, үйім жылан жалағандай бос тұр. Дымын қалдырмай алып кеткен ғой. Дереу телефон шалып, «Мынауың не енді? Адам сияқты мәселеңді айтып, ортаға салып, біздің рұқсатымызды алып кетсең болмай ма? Сені кім тұсаулап қояр еді? Үйдегі заттардың бәрін үптеп кеткенің не?» деп бар өкпе-ренішімді айттым. «Оның бәрі он жылдан бері менің айлығыма алынған заттар. Сіздерге еш қатысы жоқ. Айт-айтпа, бәрібір кететін адаммын, дұрыс түсініңіз» деп тұтқаны қоя салды.
Сөйтсем келінім он жылдан бері айлығының белгілі бір бөлігін өзіне сақтап, жинап жүрген екен. Аңқау басым «Айлығың қанша?» деп сұрамаған да екенмін. Өзіне керекті қаражат жиналған соң дәл біз тұратын ауданнан, бізден үш-төрт үй ары жерден екі бөлмелі пәтер алып алыпты. Көзге күйік болмай құрып кеткені дұрыс еді.
Қазір енді бір мөлтекауданда тұрамыз. Кешке қарай дүкенде кездесіп қала береміз. Мені танымаған адамдай өтіп кете береді. «Әй, сен менен не жамандық көрдің? Қызым деп төбеме көтеріп, балаларыңды өсіріп, тамағыңды дайындап отырғаныма жазықтымын ба?» деп бетіне талай мәрте айттым. Үн жоқ. Көршілерден естігенім, келінім жұмысында бір еркекпен байланысыпты. Мансабы жоғары адам екен. Үй алуына әлгі адам жәрдемдесіпті. Қазір де келінімнің үйіне келіп-кетіп жүреді дейді.
Әйелі кеткелі баламның тауы шағылып қалғандай. Құр сүлдерін сүйретіп жүр. Өзі зауытта істейтін еді, күнде ішіп келетін болды. «Мама, мен ешкімге керек емеспін» деп жылай береді. Екеуінің күйігі мені де ауру етіп тынды. Уайымнан, күйзелістен қант диабетіне шалдығыппын. Азып-жүдеп кеттім. Құдай маған мейірімді етіп қыз берген екен. Сол күйеуге тисе де келіп, жағдайымды сұрап, дәрі-дәрмегімді әперіп кетеді. Оған да шүкір.
Балам балаларын іздемей қойды. Мен сағынып кеткенде жалпылдап мектепке жетіп барамын. Екі оттың ортасында қалғандай күйде жүрмін. Баламның үйленетін ойы жоқ, аузы арақтан босамайды. Қартайғанда жалғыз қала ма деген уайым жеп барады. Мұндайды ешкімнің басына бермесін...»