​Бұрын бала туғанын КҮЙЕУІНЕН жасырған: Жамбылдық келіншек азабын айтты

0
3 152

Оның оқиғасы бойжеткендер мен жас келіншектерге – үлкен сабақ.


​Бұрын бала туғанын КҮЙЕУІНЕН жасырған: Жамбылдық келіншек азабын айтты

Қазақта «Қарға жасырғаның қар еріген соң шығады» деген сөз бар. Әйтсе де бір-бірінен өткенін жасыратын ерлі-зайыптылар жоқ емес. Ал шындық ашылғанда не болады?

Жамбыл облысының бір ауданында тұратын Жансұлудың да күйеуінен жасырған құпиясы бар. Ол көп жылдан бері ішіне сақтап жүрген сырын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Жансұлу былай дейді:

«Шексіз сүйетін, әрдайым ренжітіп алмайын деп қас-қабағыма қарайтын алтындай ер-азаматтың некелі жарымын. Бір ұлым бар. Ата-енем де жақсы кісілер. Ал мен өзімді бұндай жақсы адамдарға лайықпын деп айта алмаймын. Бұндай жақсы адамдар менің қай жақсылығым үшін тағдырыма берілді екен, білмеймін. Ал мен ше, олардың қай күнәсі үшін берілгенмін?..

Күнәм үшін өкініп, құдайдан жалбарынып талай рет кешірім сұрағанмын. Бұдан былай күнә жасамауға сөз де бергенмін. Сондықтан да келін боп енген шаңыраққа қызметімді арнаудан, қажет болса ұйқымды, жеке қалауларымды құрбан етуден де жалықпаймын. Еңбегіме, мінезіме ата-енем үнемі ризашылығын айтып, әр ісімді мақтап отырады. Күйеуім де «Сенімен бақыттымын» деп, сүйсіне қараудан шаршамайды. Сондай кездерде мен қуыстанып қаламын.


Ар алдындағы ұяттан өртеніп кете жаздаймын, қатты қиналамын. Олар ойлағандай тым жақсы еместігімді өзімнен ғана ешкім білмейді.

Анам біледі, бірақ, ол өткенім туралы ешқашан еске салмаған. Анам менің тұрмысқа шығып, бала тапқаныма, ата-енемнің ризашылығына бөленіп отырғаныма қуанады. Әйтсе де оның көңілі үнемі жабырқаулы. Анам сол бір оқиғадан соң шынайы күле алмай қалған сияқты боп түйіледі маған. Бұған мен өзімді кінәлаймын. Ал тығырыққа тірелген сәтте менің өмірім үшін шешім қабылдағанына анам өзін кінәлайтын секілді.

Күнәм мен кінәмді айтпас бұрын, балалық шағыма аз-кем тоқтала кетейінші. Әкесіз өстім. Әкем қайтыс болғанда мен небәрі 6 жастағы кішкентай қыз едім. Бала болсам да мен қатты қиналдым, тіпті, үлкендерден артық қиналған шығармын сол кезде. Кішкентайымда әкесіз екенімді көрші балалар айтып, мені бөлектейтін. Олар мені шеттеткен сайын мінезім қатая түскен еді. Сондықтан болар, мен мейірімсіздеумін.

Мен ерте есейдім. Тұрмыс ауыртпалығы арқамызға артылған соң, ерте есеюге тура келді. Менен кейін үш сіңлім бар. Оларды анам ерекше еркелететін. Ал мені есейіп қалды дей ме, назар да аудармайтын. Анамнан салқындықты сезгенде, әкемді қатты сағынатынмын.

Анам қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсіруге тырысты. Бірақ жанымызда ұзақ уақыт болуға оның уақыты бола бермейтін. Арасында жанашыр жақындарымыз келіп, қамқорлықтарын көрсетіп кететін. «Арық семірер, аш тойынар» деген рас қой, әйтеуір қатарымызбен жарысып жүріп бойжеттік.

Мен ауылымыздағы тоғыз жылдық негізгі мектепті тәмамдаған соң, қаладағы колледждердің біріне оқуға түстім. Сондағы ойым, ертерек мамандық алып, анамның қолғанаты болу еді.


Маман атанып, жұмыс істеп, сіңлілеріме көмектессем деп ойлайтынмын. Бірақ бұл ойымды жоғалтып, адасып қалдым.

Адам есін жоғалта сүйеді дегенге сенбеуші едім. Мүмкін кішкентайымнан әке қамқорлығына зәру боп өскендіктен шығар, мен өзімнен алты жас үлкен жігіттің арбауына тез түстім. Оның отбасылы екенін де білмедім. Ағалық қамқорлығы мен тәтті сөздерінің құлы болдым. Не айтса соны істедім.

Ауылдан шықпағандықтан, аңғалдығым да басым болған шығар, нақты нені, кімді кінәларымды да білмеймін. «Сүйемін», «Сен сияқты әдемі қызды кездестірмеппін» деген жігіттің ыңғайына жығыла кеттім. Ол қасымда болса ешнәрседен қорықпайтындай, ертеңімді де ойламайтынмын. Аяғым ауырлағанда да мен алаңдамадым. Ал бұл «тосынсыйды» естіген сүйіктім ізін суытты. Сонда да мен оны күтіп жүре бердім.

Соншалықты аңғал болғаным ғой, сол сәтте кейбір қыздар сияқты жүктілікті үзуді ойламаппын. Төрт айдан асқанда барып құрсағымдағы баланың қимылын байқап, ауылға жылап бардым. Анам маған қосыла жылап, қарғанып, не істерін білмей дал болды.

Сәл пысықтау болсам, ертерек аборт жасатуға да, анама айтпауыма да болар еді-ау. Онсыз да өмірден көрген тауқыметі көп анамның уайымын одан сайын қалыңдаттым.

Анам аборт жасатуға мені қаладағы бір емханаға ертіп келді. Бірақ кеш. Айы-күнім жетіп босанғанша анам менімен бірге қалада пәтерде тұрды. Ағайын-туыс пен таныстардан, тіпті екі сіңлімнен жасырдық.

Қазір ойлап отырсам, анамды әбден қинаған екенмін. Оның сол кездерде жұрттан жасырғаны ашылып қалардай қорқып, алақтап, аңдамай айтып қоюдан сақтанып, қалай абыржығанын енді ғана түсініп жатырмын. Ол кезде мен жас болғандықтан, соншалықты уайымдамағанмын. Ал қазір сол бір айыбым ашылып қалардай үрейде жүрмін. Жә, бәрін қойшы, балпанақтай ұл балаға өмір сыйладым. Бірақ мен одан бас тартым.


Біреулерге арман болған, біреулер қолын созса да жете алмай жүрген дені сап-сау ұл баланы перзентханаға тастап кете бардым. Жүрегім сыздаған да жоқ.

Ал анам перзентхананың есігінен шығып бара жатып, екі-үш рет кері бұрылып, уһіледі. Ішіне өрт түсіп кеткендей қайта-қайта су ішіп, бір орында отырып-ақ қара терге түсті. Ол сол кезде-ақ ар азабын тартқан екен-ау?! Мен ше? Мен баладан құтылғаныма риза едім. Одан кейін де мен өзегімді жарып шыққан балам туралы ойланбадым.

Оқуымды жалғастырып, дипломымды алып, жұмысқа кірісіп кеттім. Ал анам мен ауылға барған сайын алдымен қуанып, артынша-ақ мұңайып қалатын. Мені көргенде тастанды болған сәбидің тағдырын ойлап мұңайса керек. Әлде, «Қызым енді балалы бола ала ма екен?» деп уайымдайды. Білмеймін, білуге де тырыспағанмын.

Қатарымнан қалмай, өзіммен бірге жұмыс істейтін жігітке тұрмысқа шықтым. Кейбір қыздар секілді «тек қалада тұратын жігітке тұрмысқа шығуым керек» деп жоспарламаппын. Жігіт іздемеппін де. Ол мені өзі іздеп тапқан.

Қалада тұратын, баспанасы бар жігітпен бас қостым. Ата-енем жаны таза, мейірімді кісілер. Босаға аттаған соң үш жылдай жүкті бола алмай жүрдім. Бірақ келесі жылы аяғым ауырлады.

Ана атандым. «Тұңғышыңның бауы берік болсын», «Ана атанғаның құтты болсын» деп, ұжымдағылар да, ағайын-туыс та тілектерін айтып жатқанда жүрегімнің түбі шымырлап қоя берді.


Тастанды баламды ойлап емес, мен студент кезде-ақ ана атанып қойғанымды әлдекім біліп қоймас па екен деп қобалжыдым.


Содан бері арада 6-7 жыл уақыт өтті. Мен бұрын бәрі солай болуы керек сияқты қамсыз жүре берсем, қазір жасырған құпиям ашылып қалардай уайымдаймын. Тіпті соншалықты жақсы көретін күйеуім мен мейірімді ата-енемнің әрбір сөзінің астарына үңіліп, мазам кетеді.

Мен үлкен күнә жасадым ғой, құдай бүгін жазалар ма екен деп, күнде жан-жағыма қорқақтай қараймын. Кейде көлікке мінсем, жол апатына түсетіндей қорқып, бүгін немесе ертең күнәмнің жазасын тартатындай, жүрегім аузыма келеді.

Қазір аяғым тағы да ауыр. Құрсағымдағы бала мүгедек боп туыла ма деген бір қорқыныш санама орнығып алған. «Күнә жасаған ата-ананы баласын ауру қылып жазалайды» дегенді естігенмін. Қорқам.

Ақымақтықпен, шарасыздықтан барған әрекетім есіме түссе, маза да, ұйқы да қашады. Айналамдағы адамдардан бір кемтігім көрініп тұрғандай қысыламын. Анығырақ айтқанда, қылмысым ашылып қалардай қуыстанып жүрмін. Мүмкін бұл да бір жазаның түрі шығар. Иә-иә, ар алдындағы менің жазам болар. Үнемі уайымда жүру, сақтану, қорқу, қысылу да жаман азап екен.

Мазасыздықтан психикалық ауруға душар болайын дегенмін бе? Сырт көз мені бақытты, үлігілі әйелдердің қатарына қосқанда, айыбымды біліп алып, әдейі келеке етіп айтып жатқандай түйіледі.


Мақтаған адамға «Мен нағыз бақытсыз адаммын» деп айқайлағым келеді. Шынында, іштей қуыстану, сондай ауыр күнәні арқалап өмір сүру – азаптың азабы. Ал іштей кеміріп, жаныңды мүжіген уайымың мен қорқынышыңды жан баласына айта алмау одан да жаман азап.


Дәл осылай қиналарымды білсем, тұрмысқа шықпай тұрып күйеуіме бұрын алданып қалып, бала туғанымды, оны тастап кеткенімді жасырмай айтып берер едім ғой. Жо-жоқ, жұрт не десе де сәбиімді перзентханада қалдырмас едім...»


Жансұлудың дауысына өксік араласты. Ол біраз үнсіздіктен соң:

- Ойсыз кезеңде өз-өзіме сақ бола алмаған аңғал шағымда жасаған қателігімнен емес, оны күйеуімнен жасырғаным үшін жан азабын тартып келем. Мен оған тұрмысқа шықпай тұрып бәрін айтқанымда мүмкін кешірер ме еді, ал енді білсе сенімі ғана емес, сезімі де жоғалатын шығар? - деді.


Жер бетінде өмірінде еш өтірік айтпаған адам да жоқ шығар. Бірақ та Жансұлу өмірлік жар болар адамға өткен қателіктерді жасырмай айтқан дұрыс дейді.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


Бес баламен тастап кеткен күйеуі 20 жылдан соң қайтып келген


«ӨЗІ ҮШІН» туып алған келіншек енді баласы тегін білмей өсе ме деп алаңдайды