"Хиджаб ки деп қинамаймын, бірақ оранғаның дұрыс. Мен үшін емес, өзіңнің шын ниетіңмен» дейді.
көрнекілік үшін фото: c.express.pk
"Екі баланың анасымын. Күйеуіммен осыдан бір жыл бұрын ажырасып кеткенмін. Қазір өзіммен қатарлас бір жігітпен танысып, сөйлесіп жүргеніме үш айдан асты. «Жеке өмірге уақыт жоқ, тек қана балаларым деп өмір сүремін» деп ойлаушы едім. Бірақ өмір деген тосын сыйларға толы болады екен" деді ERNUR.KZ тілшісімен сыр шертіскен ақтөбелік оқырман.
«Қазіргі танысып, сөйлесіп жүрген жігітім – дін жолындағы жігіт. Бірақ нақты қай бағытты ұстанғанын білмеймін. Алайда, сөзі түзу, діннен хабары бар, бес уақыт намазын оқитын жан. Бір-бірімізді ұнатамыз, арамызда жақындық ештеңе болған жоқ. Барлығы дадін шеңберінен шықпайтындай етіп, некемізді қиып үйленсек дейміз. Алайда оның маған қойып отырған талаптарынан соң аздап ойланып та қалған секілдімін.
Ол маған үйленгісі келіп отыр. «Жалпы хиджаб ки, намаз оқы деп қинамаймын, бірақ өзің шын ниетпен оранғаның дұрыс» дейді. Мен тұрмысқа шыға сала оның бұл талаптарын орындай аламын ба, жоқ па, ол жағына өзімнің де күмәнім бар. Негізі түбінде бір келермін деген ой бар ғой, менің бұл ойым қаншалықты дұрыс-бұрыстығын білмеймін, дегенмен адамға уақыт керек екен.
Әрине, дін жолын ұстану үшін алдымен ниет керек. Содан соң, бірден оранып, бірден намазға жығылу үшін де діни біліміңді арттырып, танымыңды ұлғайту керек. Ал менің бұл туралы білетінім аз. Сондықтан, қиындау болып тұрған сияқты оның маған қойған талаптары.
Енді оның ұсынысына не деп жауап берерімді, қандай шешім шығарарымды білмей басым қатты. Бірақ ол жігіттен ешқандай жамандық көргенім жоқ, үнемі көмектесіп жүреді, бала шағамды да қабылдап тұр. Бір жағынан, жіберіп алғым келмейді. Ал ол болса, текке уақытты созып жүре бергісі жоқ. Ақыл-кеңестеріңізбен бөліссеңіздер екен.
Жақын араласатын бір құрбымнан ақыл сұрап едім, оның да «Асықпа, жақсылап ойлан! Дін жолындағыларға ешқандай тіл тигізгім келмейді. Бірақ, «өзің еркіңмен оранғаның дұрыс» деген сөзі күмәнді. Ол саған үйленген соң бұйрық береді деген сөзі емес пе?!» деп ойландырып қойды.
«Алғашқы күйеуіңнен де үйленгенге дейін жамандық көрген жоқсың, бәленің барлығы сол үйленгеннен кейін шықты ғой. Сол кезде ол саған шынайы болмысын көрсетіп бастады емес пе? Екіншіден, бұрын-соңды отбасын құрмаған еркек бірден екі балаға әке бола салмайды. Оған көп уақыт қажет. Оның үстіне, ол жігіттің өзі сені, балаларыңды қабылдағанымен, ата-анасы қабылдай алады ма? Үйленбеген баласына ешбір ата-ана тұрмыста болған, екі баласы бар келіншекті алып беруге келісе қоймайды ғой. Соның бәрін терең ойланып көрдің бе? Сені адам ретінде, әйел ретінде қабылдай алатын жан екеніне сенімді болсаң ғана оны таңдауыңа болады. Жаңағыдай дін бойынша, ұлт бойынша сынап, міндеттесе, отбасы құру тұрғысын қайтадан саралау керек» деген ойын айтқан соң, шынында да құрбымның айтқан сөздерінің жаны бар шығар деген ойға келдім. Сіз не айтар едіңіз?"