"Енемнің енесі ұзақ жасаса екен": жас келін әжесінің ғибратты әңгімелерін жақсы көретінін айтты

0
353

"Әжем тірі тұрғанда балаларымның тәлім-тәрбиесі үшін аса алаңдамауға болатын сияқты"


Сурет: i.pinimg.com

Нағыз даналық пен терең өнеге даңқтан да, атақтан да, биік мінберлерден де табыла бермейді. Кейде ол күнделікті тіршіліктің ішінде, қарапайым ғана адамға тән іс-қимылда, үнсіз жасалған жақсылықта, дастархан басындағы әңгімеде жасырынып жатады. Көзге көп түсе бермейтін, бірақ адамдық өлшемді биік ұстайтын жандар — өмірдің нағыз тірегі.

ERNUR.KZ порталына хат жолдаған түркістандық Жадыра үлкен енесін осындай жандардың қатарынан дейді.


"Үлкен енемнің (күйеуімнің әжесі) әңгімелері бір қызық. Өзі қыз балалар кітап оқымақ түгілі, әріп танымайтын заманда дүниеге келген. Біз тарих кітабынан оқып, кинодан ғана көретін тарихтағы небір нәубет замандарды басынан кешкен. Сонда да қазір білетіні мектепті үздік, университетті қызыл дипломмен бітірген менікінен көп.

Шайдан кейін немерелері мен екі шөбересіне небір тарихи оқиғаларды, өз басынан өткендерін, кейде ойынан құраған ертегісін айтып отырады. Үлкендерінің ойында бірдеңе қалар-ау. Ал менің екі балам – әженің шөберелері біреуі үште, екіншісі бір жарымда. Әлі түк түсінбейді ғой олар. Сонда да әжесінің әуезді үні үшін ғана құлақ түріп отыратын сияқты. Бірдеңе түсінетіндей отырады әйтеуір алдында.

– Жанна Кальман деген француз әйелін білесіңдер ме? – деді бір күні әже.

«Жоқ, білмейміз» дескен балаларға «Интернеттен іздесеңдер шығады. Ал сен былтыр дүниежүзі тарихынан оқыған шығарсың? Еее, әлі өтпеген болсаңдар, енді келесіңдер» деп қояды. Сөйтеді де, ары қарай сөзін тізбектей береді.

– Жанна Кальман деген француз қызы болған. Әлемде ең ұзақ жасаған әйел сол. 122 жыл өмір сүрген.

Оның өмірі – бір роман. Жастайынан бай саудагерге тұрмысқа шығады, қызы мен күйеуінен ерте айырылады, жалғыз немересі де жол апатынан көз жұмады. Сөйтіп Жанна жалғыз қалады. Депрессиядан өзін алып шығады, бірақ күйігін басу үшін бе темекіге үйір болып алады. Өле-өлгенше темекі шеккен екен. Онысы дұрыс болмапты. Көрдіңдер ме, темекі шекпегенде 150 жыл ма өмір сүруі мүмкін еді.

85 жасында велосипед мініп, жүзумен шұғылданған. Ал 90 жасында күтуші іздеп, нотариусқа барып шарт жасасады: «Маған өлгенше қарайтын адамға пәтерімді қалдырамын» дейді. Нотариус «Бұл кісі ұзаққа бармас» деп өзі келіседі. Бірақ әлгі кісі қайтыс болып, заң бойынша кемпір оның әйелінің қарауына өтеді. Нотариустың әйелі «Үш-төрт жыл шыдасам, пәтері, байлығы маған қалады” деп қарауына алады. Бірақ тағдырдың тәлкегімен, қараушы әйел де ауырып өмірден өтіп кетеді. Ал кемпір 122 жыл өмір сүреді.

Журналистер одан ұзақ жасаудың сыры туралы сұрағанда, Жанна «Шешілмейтін мәселе үшін уайымдамау керек» деп жауап беріпті. Қандай терең ой! Әйелді қартайтатын - уайым ғой, ұсақ-түйекті уайымдай берудің пайдасы жоқ. Басқа түскенді қабылдап үйрену керек, сонда өмір сүру жеңілірек болады.

Осылайша әр әңгімесінің түйінінде осындай бір тәмсіл, ақыл-кеңесін айтып отыратын кісіні ақылдың кені, ғибраты мол жан деп қалай айтпайсың? Әженің шабыты ашылып, тоқтаусыз көсілгенде балалар түгілі үлкендер де ұйып тыңдаймыз. Тыңдап отыра берсең, тірлігің бір жақта қалатыны жаман да. Әйтеуір әжем тірі тұрғанда балаларымның тәлім-тәрбиесі үшін аса алаңдамауға болатын сияқты. Сол кісінің бойындағы бар даналықты санасына сіңіріп, көргені мен білгенін көкейіне түйіп өссе деп тілеймін. Ең басты тілегім – әжеміз аман болсыншы. Өзі жиі айтатын, әлемдегі ең көп өмір сүрген әйел – Жанна Кальманнан да ұзақ жасаса екен."