"Еркек алдай салатын "бала" ма?"

0
209

"Еркек қол көтерсе, ол – зорлық. Зорлық-зомбылыққа төзуге міндетті емеспін!"


Сурет: media.istockphoto.com

ERNUR.KZ порталы редакциясының табалдырығын аттаған қарт ана басындағы жайды баяндады. "Қызымның әр сөзі жүрегімді тіліп өтті. Шындықты айтты" деп, кей жайттарға енді ғана, осы жасқа келгенде көзі ашылғанын мойындады.


"Түннің қақ ортасында есік сарт етіп ашылды. Үлкен қызым кіріп келді. Үстінде ешқандай жарақат жоқ, көзі көгермеген. Бірақ жүрегінің сынып, жан дүниесінің жараланғаны жүзінен айқын көрінді. Құшақтадым, дірілдеп тұр. «Мама, ол маған қол көтерді… ажырасамын» деді қыстығып.

Жаным шығып кете жаздады. «Тұрмысқа шыққанына әлі бір жыл да толған жоқ. Ажырасам дегені несі? Ағайын-туыс күлетін болды-ау...» деген ой санамда жүгіріп өтті. Ашу мен қорқыныш араласқан көңілмен «Қарсы сөз айтқанша, алдай салмайсың ба? Еркек қой» деппін.

Қызым «Мама, ол кішкентай бала ма, алдай салатын? Ол – 25 жастағы еркек. Әйел таяқ жегенде «бала» боп қалады. Ал қонаққа, тойға барса төрге шығарып «азамат» дейсіздер. «Ол – еркек, төбеңе көтер» дейсіздер. Неге әулие қылып, көкке көтере бересіздер? Шындыққа тура қарасаңызшы. Еркек қол көтерсе, ол – зорлық. Зорлық-зомбылыққа төзуге міндетті емеспін! Ертең әкем екеуіңіз оны шақырып, сөйлесіңіздер. «Сүйіп қосылдың ба – сыйла. Ұрдың ба – жауап бер. Әйел де – сезімі бар адам, тыныш өмірге, махаббат пен құрметке лайық» деп айтыңыздар» деді де, көзіне жас алып ваннаға кіріп кетті.

Қызымның әр сөзі жүрегімді тіліп өтті. Шындықты айтты.

Шешемнен «Еркек қой, алдай сал» дегенді естіп өскен мен, бұл сөздің мәніне ешқашан үңілмеппін. Расында қызым айтпақшы, еркек – бала емес, ол ересек адам, бір отбасының қорғаны, тірегі! Ендеше, неге оны бала сияқты алдай салу керек? Әйел оның көңілін бала сияқты аулау емес, еркек ретінде құрметтеп, сенуі қажет.

Ертең күйеу баланы шақырып, осын сөздерді санасына жеткізіп айтпасам..."