"Қыздар, келіншектер, аналар, ең алдымен өздеріңізді өзіңіз сыйлаңыздаршы"
Сурет: i.pinimg.com
ERNUR.KZ порталының редакциясына келіп түскен кезекті хат қысқа болса да, айтар ойы терең. Авторы - жап-жас бойжеткен.
"Асыл - тастан шығады,
Ақыл - жастан шығады" дегенді қазақ қалай тауып айтқан?" деп сүйсіне отырып, қысқа да нұсқа хатты оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
"...Таксиге міндім. Жүргізушінің телефоны шырылдады. Әдейі құлақ салмасам да, әңгімесіне амалсыз тыңдарман болдым. Әйелі екен. Телефонының тарифі біткенін айтып, ақша салуын сұрап жатыр. Таксист болса жақтырмаған дауыспен «Үйде отқан адамсың ғой, саған тариф не керек?! Балаңа қарап, тамағыңды жасап отырсаң болды емес па? Миды ашыта бермеші» деген жауаппен «жеңіп кетті».
Мына кісіні сол мезетте-ақ жақтырмай қалдым. Бірақ оған ақыл айтуға менің қақым қайда? Естімеген сыңай танытып, телефонға үңілген күйі үнсізбін. Бірақ ішімде аласапыран ойлар.
Жүргізушінің сөзі мен ісінен әйеліне деген құрметтің жоқтығы, әйелдің жолдасының алдында қадірі жоқтығы көрінді.
Қыздар, келіншектер, аналар, ең алдымен өздеріңізді өзіңіз сыйлаңыздаршы. Онсыз басқалар да сізді көзге ілмейді. Білім алып, қабілетіңізді шыңдап, табыс табуға ұмтылыңыз. Ешкімнің қолына қарамай, ең болмаса телефон тарифі үшін алақан жаймайтындай қауқарыңыз болмаса, жоғарыдағыдай сөздерге көніп отырудан басқа амал болмайды сізде. Өздеріңіздің қадірлеріңізді жоғалтпаңыздаршы."


