«Күйеуім қайтыс болған соң қайынәпкелерім қуып шықты»: жамбылдық келіншек екі баласымен далада қалды

0
6 013

​25 жылының қадірін білмейтін адамдарға қызмет етумен өткеніне өкінеді.


«Күйеуім қайтыс болған соң қайынәпкелерім қуып шықты»: жамбылдық келіншек екі баласымен далада қалды

Фото: mediasole.ru

«Психологтардың «Өзіңді құрбан етпе!» деп айтқанын естіп жүрсек те, ата-аналардың, туған-туысқанның «Қайтып келме, тағдырыңа көн, шыда» дегенін миымызға тоқып аламыз ғой. Басқа таяқ тигенде ғана «Қайран уақытым-ай, неге бұрын кетіп қалмағанмын? Неге жұрттың сөзінен қорқып жүре бергенмін?» деп өкінеміз», - дейді жамбылдық Гүлзахира есімді әйел.

Айтуға оңай болғанымен, ажыраса салу оңай емес. Әйтсе де бағаңды білмесе, қиындық көрсетсе кетіп қалған да дұрыс шығар?!

Гүлзахира ол үйден кеткелі өмірдің не екенін енді түсініп жатқанын айтты. Ол бұл уақытқа дейін аяқ созып отырмақ түгілі, сериал көруге де уақыты болмағанын айтқанда таң қалдық. Шынында да Гүлзахирада бос уақыт болмаған.



Өткен өмірі жайлы жамбылдық келіншек ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді:

«Төрт қайынәпкем тұрмыста, бала-шағалы. Ал күйеуім жалғыз ұл еді. Алғашқыда мен ойланып жүргенде жеңгем «Қыз жанашыр болады ғой. Жалғыз інісіне әпкелері жан-жақтан көмектесіп, қиындық көрмейсің. Ерке келін боласың» деген еді. Қайдағы, теперішті де, барлық қиындықты да сол төрт қайынәпкемнен көрдім.

Күйеуім бастапқыда жақсы еді, кейін әпкелерінің сөзіне еріп өзгерді. Күйеуімнің дипломы болғанымен, жалқау. Сондықтан да бір ай жұмыс істеп жалақы алған соң шығып кетеді. Сөйтеді де жалақысы таусылғанша үйде жатады. Айтып, түрткілеп жүріп орнынан тұрғызам, тағы да сол әдеті. Негізі көппен тез тіл табысып кететін елгезек, жұмысқа да ебі бар. Ерке боп өскен соң ба, үйде жата бергісі келеді.

Ұлым үш жасқа толған соң жұмыс іздедім. Шынымды айтсам, мен демалу үшін, миымды тынықтыру үшін жұмысқа орналастым. Өйткені қайынәпкелерім апта сайын, кейде күнде үйге келіп алады да, сөздерімен жүйкемді шаршатады.

Қаладағы жұмысыма бір жарым сағатта жетем. Кешікпеу үшін таңғы сағат 6-да тұрып, бәліш пісірем, дастарханды жайып, шайларын дайындап үйден шығам. Кешке бара салып тамақ істеуге кірісемін. Тамақтарын беріп, баланы жуындырып, ыдыстарды жуып, одан бөлек тағы да шаруалар шығады, сөйтіп жүріп төсекке құлай кетем. Күнде осылай. Кейде қайынәпкелерім кешкі тамақ істеуге ерінсе, бала-шағаларымен үйге келіп түн ортасына дейін отырып алады.

Уақыт алға жылжи берді. Мен екінші перзентімді босандым. Қыз тудым. Нәрестем қырқынан шықпай жатып, атам қатты ауырып өмірден өтті. Сол кездегі әбіржігенімді айтып жеткізе алмаймын. Ол аз болғандай күйеуім қолынан айырылды. Бір цехқа жұмысқа тұрып еді, қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан үшінші күні-ақ стонок төрт саусағын жұлып әкеткен.

«Пәле шұбырып жүреді» деген рас екен, отбасымызға бір қайғыдан соң екінші қайғы қосылып қиналдық. Күйеуім еңбекке жарамсыз боп қалды. Оң қолының төрт саусағы жоқ. Енді ол да менің бір балама айналды, сақалын, шашын алып берем, шомылдырамын, киіндіремін. Кейде тіпті қасықпен тамағын да берем. Ал қайынәпкелерім біз қиналып жатқанда ақшалай көмек бермек түгілі сөз жәрдемін де бермеді. Керісінше «Сен кінәлісің. Жұмыс істе деп тыныштық бермеген едің. Сол жұмысты тауып берген сен» деп, мені жазғырды. Осы сөзді олар кешегі күнге дейін айтты.

Үйде жата берген адам зерігеді, әлде тепсе темір үзетін жаста мүгедек боп қалғанына күйінді ме екен, күйеуім ішімдікке үйір бола бастады. Жұмыстан шаршап келсем, «Неге кеш келдің?» дейді. Жұмысым қалада болған соң жолға қаншама уақыт кететінін жақсы білсе де күнде осы сұрақты қойып мыжыңдайды. Сосын таңға дейін ұрысқа себеп іздеп, ұйқы бермейді.

Арада төрт жыл өтті, күйеуім арағын қоймады. Ол мүгедектігі бойынша зейнетақы алады, соны тек ішімдікке жұмсайды. Енем байғұс жалғыз ұлының көз алдында шөгіп бара жатқанын көріп уайымнан аурушаң боп қалды. Әйтеуір өзін-өзі сүйреп мектепке барып еден жуып келеді. Балаларыма сол кісі қарады, әйтпесе мен жұмыс істей алмайтын едім.

Енем жақсы, тек отбасындағы мәселелер, күйеуімнің мыжың сөздері мен қайынәпкелерімнің апта сайын келіп мені бақылайтыны жүйкеме тиетін. Әпке-жеңгелерім мен құрбыларым «Кетіп қал. Кім ажыраспай жатыр. Қалай шыдап жүрсің?» деп талай рет айтты. Бірақ мен ұлым мен қызымды әкесіз атандырғым келмеді. Бір жағынан, күйеуімді аядым, ол менсіз жоқ болып кетеді ғой.

25 жылым ұрыс-керіспен, ауру, араққұмар күйеуге қараумен, қайынәпкелеріме қызмет етумен өтті. Былтыр күйеуім бауыр циррозынан қайтыс болды. Қырық күндігі өткен соң қайынәпкелерім жиналыс өткізіп, қара шаңырақты сатып, ақшасын теңдей бөлісіп алатындарын айтты. Біз ше, қайда барамыз? Қызым 22, ал ұлым 24 жаста. Бірі ұзатылуға, екіншісі үйленуге дайын. Еңбегім сіңген үйді қалай ғана қайынәпкелеріме беріп қоймақпын?!

Әбден қырылыстық, ұрыстық. Қайынәпкелерімнің бірі шашымнан жұлса, бірі үйден сүйреп шықты «Кет, жоғал» деп. Өзімді қорғамақ болғанымда қолым үлкен қайынәпкемнің көзіне тиіп кетті. Ол арыз жазды үстімнен. Сотқа шақыру сияқты тірліктері мені шаршатып жіберді. Одан бөлек, қайынәпкелерімнің ұлым мен қызыма өлім тілеп, күнде қарғағанына да шыдай алмадым. «Аш пәледен қаш» демей ме, көп ойланып жан тыныштығынан артық байлық жоқ екенін түсіндім де, үйді соларға беріп кетіп қалдым. Киімдерімді ғана әкеттім. Әрине олар соған мәжбүрледі.

Қазір қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қызым мен ұлым «Мама, неге бұрын кетіп қалмадыңыз? Біз осы тыныш өмірді қаншама жыл аңсадық қой» дейді. Ал мен оларды әкесінен айырмауды ойлап шыдадым қиындыққа. Ұлым болса «Бізге әке керек пе, жоқ па? Сұрауыңыз қажет еді. Бекерге өзіңіз де, біз де қиналдық. Күн беремйтін, бізді ойламайтын әкеден тыныштық артық қой» деді.

Расында да, тыныштыққа ешнәрсе жетпейтінін бұған дейін білмеппін. Жұмыстан келген соң асықпай жуынып, ыстық шай ішіп отырып сериал көргеннің өзі бір бақыт екен ғой. Жексенбі күні сағат 11-ге дейін ұйықтап демалу үлкен бақыт екен...»


Осылай деген Гүлзахира 25 жылының босқа, қадірін білмейтін адамдарға қызмет етумен, азаппен өтіп кеткеніне өкінішін білдірді. Ол «Баспанасы да, басқасы да құрсыншы, бастысы жаным, миым тыныш. Бақыттымын» деді сөзінің соңында. Ал оқырман, сіз үшін бақыт деген не?



Ұқсас оқиғалар:


«Бірінші келінін бәрі жабылып ұратын еді...»: түркістандық әйел жанына тиген жағдай туралы айтып берді

«Енем өлген соң өкініп қалдым»: түркістандық келін енемен не үшін тату болу керектігін айтты