"Күйеуіме неге олай дегенімді өзім де білмеймін": келіншек кейбір жағдайларды алдын ала сезетінін айтты

0
180

"Кешке жақын үйге кіре сала «Сенің айтқаның дұрыс келді» деді"


Сурет: c-c-i.ru

"Интуиция туралы бұрын да оқып, естіп жүретінмін. Бірнеше рет дұрыс келгенін көргесін, үнемі ішкі түйсігіме құлақ асуға тырысып жүретін болғанмын" деген келіншек ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды баяндап берді.


"Сіздерге ерекше жағдаймен бөліскім келеді. Бір күні таңертең ұйқыдан ояна салысымен күйеуіме «Оң жақтан келетін соққыдан сақ бол» деп айттым. Неге олай дегенімді өзім де білмеймін.

Негізі осыған дейін де мұндай сәттер болып тұратын. Әй-шәй жоқ бірдеңені қойып қаламын да, кейін сол айтқаным орындалып жататын. Сондықтан ішімнен осындай сөз келіп тұрғасын, бүгіп қалмайын деп ойланбастан айтқаным ғой.

Мұны күйеуім де біліп қалған. Сондықтан ол да мән бермей қоя салмай, ойланып қалды. Бірақ таңырқап «Бүгін сенбі ғой, ешқайда бармаймын, үйде боламын» деді. «Сонда да есіңде болсыншы» дедім. Сол әңгіме сол жерде қалды, ары қарай тірлігімізді істеп, басқа нәрселерді айтып кете бердік.

Түстен кейін күйеуіме бастығы қоңырау шалып, шұғыл түрде орындау керек бір тапсырма берді. Сөйтіп ол үйден шығып кеткен.

Кешке жақын үйге кіре сала «Сенің айтқаның дұрыс келді» деді. «Нені?» деймін түк түсінбей. Сөйтсем, жолда кетіп бара жатқанда оң жағынан бір көлік ұруға сәл-ақ қалыпты.

«Күні бойы сенің сөзің ойымнан шықпай, оң жағыма қараумен болдым. Бағана бағдаршамда тоқтап тұрғам. Маған жасыл жанды. Сонда да газды жайырақ басып, бірінші оң жаққа қарап алайын дегем. Сөйтсем, бір қызыл "Мазда" тоқтай алмай, ұшып келе жатыр. Тежегіші істемей қалды ма, әлде қызыл жанғанын байқамады ма, білмеймін. Дереу тормоз басып, тоқтап үлгердім. Дәл алдымнан отыз-қырық сантиметр жерден зу етіп өтті! Егер ол тоқтайды деп ойлап жүріп кеткенімде, оңбай қалатын едік» деп болған жағдайды айтып берді.

Интуиция туралы бұрын да оқып, естіп жүретінмін. Бірнеше рет дұрыс келгенін көргесін, үнемі ішкі түйсігіме құлақ асуға тырысып жүретін болғанмын. Осы оқиғадан кейін интуициямның алдамайтынына тағы бір рет көзім жетті. Адам кейде өзі түсіне бермейтін ақпаратты жүрегімен сезіп, бейсаналы түрде қабылдайды екен. Бұл жай сәйкестік емес, ішкі дауысымның күйеуімді апаттан арашалауы деп білемін."