​«Күйеуімнен жасырып жүрмін»: астаналық әйел баласының әкесі туралы шындығын айтты

0
8 606

«Бәстескеніне өкінетінін айтып, кешірім сұрады»


​«Күйеуімнен жасырып жүрмін»: астаналық әйел баласының әкесі туралы шындығын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде адамның ішінде «өліп кетсем де ешкімге айтпаймын» деген құпия-сыры болады. Ондай әркімде бар шығар. Менде де бар. Бірақ айтпасам жарылып кетердей боп жүрмін. Өйткені ар азабы маза берер емес. Айналамдағы адамдарға айтпасам да көпшілікпен бөлісіп, ақыл-кеңес сұрауым керек деп шештім. Бірақ аты-жөнім жасырын боп қалсыншы», - дейді Жанна есімді келіншек.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырманымыз күйеуінен жасырған жан сырын ақтарып салды.


«Тұрмыс құрғаныма биыл 10 жылдан асты. Оңтүстіктің қызымын. Қазір отбасыммен Астанада тұрамыз. Бір үлкен компанияда жұмыс істеймін, шүкір табысым да жаман емес. Ата-анамыз жақсы тәрбие берді, өсірді, жеткізді. Тәрбиеме анам өте қатал қарады, «тұрмысқа шығып, өз теңіңді таппайынша бір жеріңе ие бол, атымызға кір келтіретіндей тірлік жасама» деп шегелеп тұрып айтатын. Сол тәрбиенің құлаққа сіңіп кеткені соншалықты, сөз салып, артымнан жүгірген жігіттердің біреуін де өзіме жақындатқан емеспін. Құрбыларыма «дипломымды алып, жұмысқа тұрған кезде ғана өзім сүйген жігітке сөзімді берем» деп айтушы едім, тура солай болды.


Жұмысқа тұрған соң бірге істейтін әріптес жігітке көңілім ауа бастады. Атын атамай-ақ қояйын, өзі өте сымбатты, менен үш жасқа үлкен еді. Бір бөлімде істеген соң білмегенімді үйретіп, есеп-қисапты жүргізуге, іс-қағаздарын толтыруға қолғабыс етіп жүретін. Мен оны қанша ұнатып тұрсам да сыр білдірмей жарты жыл жүрдім. Уақыт өткен сайын арамыз жақындап, жақсы дос боп кеттік. Бірте-бірте ол мені мейрамханаға шақырып, үйіме дейін шығарып салып, ақыры қыз-жігіт боп жүре бастадық. Тура осындай, Наурыз мерекесі қарсаңында ол маған үйленуге ұсыныс жасады. Көктен тілегенім жерден табылғандай, оның ұсынысын қуана қабылдадым.


Бір қызығы, үйленуге уәделескен кезден бастап жігітім маған төсек қатынасы туралы жиі айта бастады. «Ақыры үйленеміз ғой, ондах тұрған не бар» деп миымды жеп қоятын. Келісімімді бермей біраз жүрдім. Бір күні оның осы әңгімесін жұмыста бірге істейтін қызға айтып ем, «ақымақ, ешқашан келіспе» деп баж ете қалды. Сөйтсем жігітім жұмыстағы басқа әріптестерімен «осы қызды өзіме қаратпасам атым өшсін» деп бәстескен екен. Оны бөлімдегі менен басқаның бәрі білетін боп шықты.


Бұл жағдайды жанымда жүрген дос қызымнан естігенде қандай күйдге түскенімді айтып жеткізе алмаймын. Шындыққа көзімді жеткізу үшін бірден жігітіммен ашық сөйлестім. Бірақ қипақтап, сөзден қашқысы келгенімен кейін кінәсін мойындады. «Басында бәстестім, бірақ саған шынымен ғашық боп қалдым» деп кешірім сұрады. Оның кешірімі керек пе, мына жағдайдан кейін ол жерде жұмыс істей алмайтынымды түсіндім де, арызымды жазып, шығып кеттім.


Арада үш жылдай уақыт өткенде бірге оқыған курстас жігітпен кездейсоқ кездесіп қалдым. Сабырлы, мінезі жуас, курстағы оқымысты жігіт еді. Үйленбепті. Сөйтіп телефон алмасып, кездесіп жүріп, ақырында екеуміз үйлендік. Бір-екі жыл екеуміз де жұмысбасты болып, арамызда баланың болмай жүргеніне де аса алаңдамаппыз. «Денсаулығымыз жақсы ғой» деп дәрігерлерге көрінуді де ойламадық.


Бірақ тұрмысқа шыққаныма үш жылдан асқанда айналамыздағы адамдар «неғып жүрсіңдер» деп миымызды жеп қойды. Күйеуім екеуміз біраз дәрігердің табалдырығын тоздырдық. Бәрі «Сізде бәрі жақсы, тек жолдасыңыз аздап емделу керек, балаларыңыз болады» дейді. Күйеуім ұзақ уақыт ем алды. Бұл жағдай оның да жүйкесіне әсер етті-ау, жуас деген күйеуім күнде телефонымды тексеріп, басқан ізімді аңдып бәле болды.


Қайта еркектің ұрысып, айғайлап, кейде жұдырығымен түйіпп-түйіп алғаны жақсы ма деп қаласың, себебі ол сөзбен «мыжи» беретін. Әр сөзімнен ілік іздеп, бірдеңені тауып алып, соны шұқылай бергені менің де жаныма батып, «ажыраса салсам қайтеді» деген ой болды, несін жасырайын. Арасында ішіп келіп, төсекке күштеп сүйрейтіні де бар.


Күйеуіме де, өміріме де өкпелеп жүрген күндердің бірінде баяғы жігітімді жолықтырып қалдым. Астанаға жұмыс бабымен келген екен. Бірге тамақтандық, өткен-кеткенді еске алдық. Баяғы бәстескен жағдайды қайта айтып, тағы менен кешірім сұрады. Күйеуімнен әбден көңілім қалып, құлазып жүргенде кездескен алғашқы махаббатыммен сол күні оның жалдамалы пәтерінде бірге болдық. «Енді мені іздеме, мына жағдай болмағандай ары қарай өмірімізді жалғастыра берейік» деп қоштасып кеттім. Ол өз қаласына қайтты.


Сол жағдайдан кейін ұятым маза берер емес. Бар шындықты айтып, күйеуіммен ажырасам деп жүргенде ол бірден өзгеріп шыға келді. «Мен ақымақ болыппын, сенсіз өмір сүре алмаймын, бәрін басынан бастайықшы» деп кешірім сұрады. Көп ұзамай өзімнің жүкті екенімді білдім. «Емімнің нәтижесі болды, Аллаға шүкір» деп күйеуім қуанып, қазір айтқанымды екі етпей жүр.


Баламыз бір жарым жаста. Аузынан түсіп қалғандай, күйеуімнен аумайды. Бірақ менің күдігім бар, бес жылдан бері болмаған бала менің жігітім келген уақытта қалай пайда бола қалды? Әлде шынымен емінің нәтижесі болды ма? Осы жағына басым жетпей жүр. Күндердің күнінде бұл жағдай әшкере болып, күйеуім шындықты біліп қойса қайтем деп уайымнан азып-тозып барамын...»