Сурет: i.pinimg.com
"Кейбір еркектер өзіне және сырттағы әлдекімдерге ақшасын шашып, ал өз отбасына жұмсауға келгенде сараң боп қалатынын талай көріп жүрмін" дейді дүкенде сатушы боп істейтін Арай атты оқырман.
Ол ERNUR.KZ порталы арқылы ерлер қауымына пікірін жолдағысы келеді.
"Дүкенде сатушымын. Бір әйел жарқырай күлімдеп маған жақындады:
– Ең арзан тырнақ бояуы мен далап көрсетіңізші. Бағасы қанша? - деп сұрады.
– 3 мың теңге, - дедім.
Көңілі алабөтен шаттанып, қою қызыл түсті лак пен далап таңдап алды да, балаша қуанышпен күлімдеді. Сосын:
– Осы түсті студент кезімде жақсы көруші едім. Декреттік демалыста ұзақ отырып, боянуды ұмытыппын ғой, - деді күліп. Ол күйеуін алыстан көзбен іздеп тұрды. Күйеуі жақындап келді. Әйел балаша мәз күйде көрсетіп "мынау екеуі үш-ақ мың теңге екен" деп еді, ер адам салқын үнмен:
– Үйде отырсың ғой, неғыласың бояуды. Балаларға керек нәрсе алсаңшы, - деп дүрс ете қалды. Әйелдің жүзі лезде солып, жанарындағы от жоғалды. Ол тырнақ бояуы мен ерін бояуына үнсіз көз тастап, күйеуінің соңынан ерді.
Ал күйеуінің қолында – темекі қорабы. Оны күн сайын менен сатып алып жүр. Одан бөлек, күнде кешке үйіне нан алғанда “горилла” қоса алады. Оны дүкен алдында тұрып тауысады да, босаған ыдысын қоқыс шелекке салып кетеді.
"Өзі күнде темекі мен сүйікті сусынына 3 мың жұмсайды, ал келіншегі анда-санда бір сұрағанда неге әпере салмады екен?!" деп ашуым келді. Ақшасын есептеп, үнемшіл бола қалғанын қарасайшы...
Кейбір еркектер өзіне және сырттағы әлдекімдерге ақшасын шашып, ал өз отбасына жұмсауға келгенде сараң боп қалатынын талай көріп жүрмін. Әйелді қуанту үшін көп ақша керек емес қой. Анда-санда бір тал гүл, бір дана шоколад сыйлау қиын емес қой. Кейде болмашы ғана бір сәт – тұтас тағдырдың бағытын өзгертіп жіберетінін еркектер ойланбайтыны өкінішті."


