​«Мен Құдайдан көп нәрсе сұрамап едім»: өскемендік әйел күйеуіне деген өкпе-ренішін жеткізді

0
3 214

«Тоқал алам деп қоймай отыр...»


​«Мен Құдайдан көп нәрсе сұрамап едім»: өскемендік әйел күйеуіне деген өкпе-ренішін жеткізді

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Он үш жыл отасқан, сүйіп қосылған күйеуім тоқал алам деп шала бүлініп отыр. Соңғы кезде мінез-құлқы өзгеріп кетті. Мен Құдайдан көп нәрсе сұрамап едім. Бірақ тілегім қабыл болар емес. Есесіне айрандай ұйып отырған отбасымның ойраны шыққалы тұр», - дейді Алтын есімді өскемендік оқырманымыз.


Екі мәрте құрсағындағы сәбиден айырылып қалған келіншек болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Жасым отыз алтыға келді. Күйеуге жиырма үшімде шыққам. Екеуміз студенттік шақтан бері біргеміз. Оқуымызды бітіріп, бір жыл мектепте мұғалім боп істеп, ата-аналарымыздың ақ батасымен шаңырақ құрдық. Үш жыл екі ененің қолында тұрдым. Қартайған әжеміз бар еді, ол кісіге де шама-шарқымша қызмет етіп, ризашылығын алғам. Сонда да көгермей жатырмын. Құдай мені қай пейілім үшін қысып жатқанын...


Үш жылдан кейін жолдасыммен қалаға көшіп келдік. Ата-енем мен менің әке-шешем бірігіп, ескілеу ауданнан болса да екі бөлмелі пәтер әперді. Ішін қанттай етіп жөндеп алдық. Күйеуім бір мекемеге заңгер боп орналасты, мен мектепте мұғаліммін. Мамыражай, керемет ғұмыр кешіп жаттық. Бірақ бес жылдың жүзі болса да арамызда бала болмағаны мені уайымдата бастады. Күйеуім де «қашан көтересің, бала тууды ойласайшы» деп айта бергесін дәрігерлерді жағалай бастадық. Тіпті Ресейге дейін апарып, емдетіп келді. Соның нәтижесінде көп ұзамай бойыма бала бітті. Дереу толық дәрігерлік тексеруден өтіп, шынымен жүкті екенімді білгенде қуанып, Дарханның мені көтеріп алып шыр көбелек айналдырғаны әлі есімде. Іштегі бала төрт айдан асқанда УЗИ дәрігері «қызды боласыздар» деп қуантты. Күйеуім түнімен ат таңдап, интернеттен кереуеттер көріп, қиялға қатты берілетін. «Қызымыздың кіндік әке-шешесі мына кісілер болады, сені роддомнан былай шығарып алам» деп интернеттен неше түрлі идеяларды қарап отыратын...


Бірақ бір күні жұмыстан қайтып келе жатқанда мені көлік қағып кетті. Қап-қара джип, қаққан күйі тоқтамай жүріп кетті. Көшедегі адамдар дереу жедел жәрдем шақырып, перзентханаға жеткізді. Балапаным бұл кезде алты айлық боп қалған, тірі туылды. Дереу вакуумге салып, дәрігерлер аман алып қалудың бар жағдайын жасап бақты. Бірақ ертеңіне жүрегі соқпай қалды.


Күйеуім басу айтып, туған-туыстар жұбатып, «бастарың жас қой, уайымдама, әлі-ақ көпбалалы ата-ана атанасыңдар» деп жанашырлықтарын білдірді. Қызымызға Асылым деп ат қойып, жерледік.


Бір жылдан соң тағы көтердім. Бұл жолы көз тимесін, тіл тимесін деп ешкімге айтпадық. Тіпті ішім біліне бастағанда жұмыстан шығып, үйде отырдым. «Керектінің бәрін өзім жеткізіп тұрам, көшеге шығушы болма» деп күйеуім қатаң талап қойды. Кешке қарай өзі алып шығып, бір уақ серуендетіп қайтатын. Сөйтіп жүргенде ол баладан да айырылып қалдық. Бір жыл бұрынғы көлік апаты кезінде бүйрекке зақым келген еді. Соның кесірінен қайта-қайта қан қысымым көтеріліп, ауруханға жатуға тура келді. Бірақ іштегі балаға давлениенің кесірінен оттегі жетпей, тұншығып, жүрегі тоқтап қалыпты. Әжептеуір үлкен срок болғасын кесарь тілігімен босандырып алды.


Бұл кезде біздің үйленгенімізге тоғыз жылдың жүзі болған. «Дархан, бұл нәрсе тегін емес. Бізге енді емшілерді жағалап көру керек» деп қаладағы ең мықты деген көріпкелдерді іздестіріп, алдына бардық. Бір апа «балалар, сендерге бір жетімді асырап алу керек. Сонда ғана Алланың мейірі түсіп, өз балаларыңды сүйесіңдер» деп айтты. Мен әлгі кісінің сөзіне имандай сендім. Бірақ Дархан «біреудің баласын асырап алмаймын» деп айтқанын қайтпай қойды.


Көнбегесін «онда суррогат ананың көмегіне жүгінейік» деп айтып көрдім. «Мен одан да тоқал алам» деп тосын мінез көрсетіп отыр. Бұрын ішімдік дегенді татып алмайтын. Қазір аптасына бір-екі күн ішіп келетін болды. Арамыз да бұрынғыдай емес, суып бара жатыр. «Талай қыздың ішінен шертіп жүріп таңдап алғаным» деп еркелетуші еді. Оның бәрі көзден бал-бұл ұшқан. Екі сөзінің бірінде «сенен ажыраспаймын, бірақ екінші әйел алуға рұқсат бер» деп айта береді. Соған қарағанда біреуі бар-ау, ресми түрде жария етудің жолын таппай жүрген сияқты.


Құрметті оқырман, не істеуім керек? Қазіргі әрі-сәрі күйден қалай құтыламын. Қандай шешім қабылдауым керек? Күйеуімді «тоқал аламын» деген ойынан қалай тоқтатсам болады? Ақыл қоссаңыздар екен...»