"Мен сәбилі болуды армандап жүргенде күйеуім басқа әйелді тауып алыпты"

0
592

"12 жыл дегенде ұлды болдық, бірақ..."


фото: gemini ЖИ арқылы жасалды

"Ендігі өмірлік мақсатым ұлымның ержеткенін көріп, оның ақылды, саналы ұрпақ болып өсуіне еңбектену" деді ERNUR.KZ порталының редакциясына сырын айта келген келіншек.


"Алладан сұрап алған жалғыз перзентім бар. Сол баламның амандығын, денсаулығын тілеумен, бар тілегім сол баламның үстінде болып өмір сүріп жатқан аналардың бірімін.

Жолдасым екеуміз қаншама жыл осы перзентіміздің дүниеге келуін аңсап күтіп едік. Енді міне, жеттік-ау дегенде жолдан тайып, ұлым екеумізді жалғыз қалдырып кете барды.

Мен оған сол сәтте ренжідім. Бірақ "Қалай болғанда да, басыма түскен тағдыр, мен мойымауға тиіспін. Өйткені, жанымда маған арқа сүйейтін ұлым бар. Ұлым өсіп, ер жетсе, мен оған арқа сүйеймін ғой" деп еңсемді тіктеуге тура келді.

Ал, қазір мен бәріне уақыт емші екенін түсінгендеймін. Ұлым өсіп, өзіме қолғанат болуға жарағанда мен үшін әлемнің бәрі осы ұлым екенін түсіндім. Бұрынғы жолдасыма деген өкпе-ренішім ұлым өскен сайын, ол мені қуантқан сайын ақырындап өшіп келеді.

Адам өмірінде өлшемі жоқ, бағасы жетпес байлығым өсіп келеді, шүкір. Сол байлықты маған сыйлап, аманат етіп қалдырып кеткені үшін күйеуімді кешіргенмін. Қанша дүние жиып, қанша биікке шықсаң да, баланың орнын ештеңе баса алмайды. Сондықтан да бұл түсінік мен үшін өмірлік ақиқатқа айналған.

Бала - ата-ананың жүрегінен жаралған үміт. Сол үмітімді баламның әкесі үзе жаздағанымен, балам сақтап қалғандай. Оның күлкісі үйге шаттық сыйлап, қарапайым күннің өзін мерекеге айналдырады. Баламның бір ауыз сөзі мені жігерлендіріп, шаршаған жанымды тыныштандырады. Ол бар жерде өмірдің мәні де тереңдей түседі. Бұл өмірде мен балам үшін керемет өмір сүруге тиіспін. Қолымда бар дүние де, көзге көрінер жетістік те емес, дәл осы баламның амандығы мен күлкісі мен үшін өмірімнің мәні. Оның бір ғана күлімдеп жүзіме қарағаны жүрегіме тыныштық сыйлайды, бір ауыз сөзі жанымды жылытатынын кейде өзім де аңғармай қаламын.

Осындай бақытқа қол созым қалғанда бәрінен бас тартқан күйеуіме бір жағынан жаным да ашиды, бірақ бұл оның таңдауы. Ұлымызды көргісі келсе, әрдайым есігім ашық екенін, оған ешқашан тосқауыл болмайтынымды да айтқанмын. Басқа әйелге үйленген соң, баласына келуге уақыт таппай жүрген шығар.

Мейлі, мен ешкімді де кінәламаймын. Әркім өзі таңдаған өмірін сүруде. Ал маған осы өмірім ұнайды. Ұлым жанымда болғанда мен ештеңеден қорықпаймын, қаймықпаймын.

Анам мен үшін уайымдайды. «Қызым, ұлың жалғыз өспесін, тұрмысқа шық. Өзің де жас емессің, жаныңа серік керек» деп күнде айтады.

Анамның айтатынындай бар. Жиырма екі жасымда тұрмысқа шығып, ұзақ жылдар бойы бала сүйе алмадым. Емделмеген, бармаған жерім жоқ. Сол емнің нәтижесі 12 жыл дегенде орындалды шүкір. Бірақ күйеуім де дәл мен секілді уайымдап жүр ғой деп ойлап қателесіппін. Ол баласыз жүрген сол он екі жылдың ішінде басқа әйелді тауып алған, ал мен оны сезбеппін.

Сезбедім десем де өтірік болар, тек қолмен ұстап, көзбен көрмеген соң, дәлелім болмады. Оның үстіне оған да жаным ашып, "Мен бағыңды байлап жүрген шығармын, басыңды босатайын" деп те айтқанмын. Бірақ "Маған сенен басқа ешкім керек емес" дегесін, сол сөзіне сендім.

Әйтпесе, екеуміз жастай бас қостық, бір-бірімізді қатты жақсы көрдік. Басымызға түскен кішігірім сынаққа шыдай алмаған шығар. Бәлкім тағдыр бізге бір болуды жазбаған шығар.

Бірақ, мен барлығына ризамын. Алғысым шексіз. Ендігі өмірлік мақсатым ұлымның ержеткенін көріп, оның ақылды, саналы ұрпақ болып өсуіне еңбектену."