"Бәрі маған ішінен «болмағыр екенсің» деп тұратын сияқты көрінеді"
Сурет: i.cdn01.ru
"Мен кіммін өзі? Неге мен де басқалар сияқты жетістікке жетіп, өмірімді өзгерте алмаймын?»
Осындай ойлар қызылордалық Дәулетті күнде мазалайды. Өмірі өз көңілінен шықпайтын, алайда нені қалай өзгертерін білмей басы қатып жүрген оқырман ERNUR.KZ порталының тілшісіне ақтарылды.
"Жасым 24-те. Үйім жоқ, машинам жоқ, бір жүрген қуыс кеудемін. Пәтер жалдап тұрамын. Айлығым бір басымнан артылмайды, кейде тіпті жетпей қалады. Жақында көрші қыз, менімен құрдас, машина алды. Зор енді. Оны көрген сайын қатты ұяламын. Ол машинамен кетіп бара жатса, мен мопедпен...
Жаман ұяламын. Мені «қолынан түк келмейтін біреу, жолы болмаған жігіт» деп ойлайтын секілді көрінеді. Құрдастарымның үйі бар, машинасы бар, отбасы, бала-шағасы бар. Ал менде ше? Дым жоқ! Өмірде жетістікке жетіп көрмеген адаммын.
Бұл көреалмағандық емес, керісінше, қызығып қараймын.
«Неге мен осылар сияқты жетістікке жетіп өмірімді өзгерте алмаймын?» деген ой маза бермейді. Қандай әрекет етіп, өмірімді өзгертуге боларын білмеймін. Бір айлықтан басқа түсіп тұрған табыс жоқ. Өзімді іштей жегідей жеп бітетін болдым. Шынайы күлуден қалдым. Бәрі маған ішінен «болмағыр екенсің» деп тұратын сияқты көрінеді. Жалғыз қалғанда көзге жас келіп, жылап та алатын кездер болады.
Айналамдағылар «40-қа келіп әке-шешесіне масыл болып жүргендер қаншама, пенсиясына ортақтасып, жүйкелерін тоздырып. Ондайлармен салыстырғанда сен әлі жассың, өмірің алда, не керектің бәрін жасап аласың. Сенде бар кей нәрселер басқаларда жоқ. Денің сау, аяқ-қолың, ақыл-есің бүтін, соған шүкір де. Біреулер жейтін нан таппай отыр, оның қасында сен біреуден нан сұрамай, өзіңді-өзің асырап жүрсің. Өйтіп езіле берме. Еркек емессің бе? Жүзіңді төмен салма, өзіңді басқалардан кем санама. Қыздармен де қысылмай сөйлесе бер. Нағыз сені сүйетін қыз болса, ештеңеге де қарамайды. Үйленгесін бәріне бірге жетесіңдер» деп ақыл айтады.
Бірақ маған соның бәрі далбаса әңгіме сияқты көрінеді. Өзім өстіп жүргесін, қыздармен де танысқым, араласқым келмейді. Үйі жоқ жігітке қай қыз тұрмысқа шыққысы келеді?
Жалғыз қалып, қу басымды құшақтап өмірден өтіп кететін сияқтымын. Мен кіммін өзі? Жұмыс пен үйдің арасында жүрген, алған айлығы шайлығынан артылмайтын, жүрген бір қуыс кеудемін! Осындай жағдайда жүргеніме өзім кінәлі екенімді білемін. Бірақ өмірімді қалай өзгертерімді білмеймін..."