«Тырнағын да менің айтуыммен алады»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
«Күйеу – қорғаның, арқасүйерің, отбасының тірегі» дегенді жиі естиміз ғой. Бірақ олай болмай шықса ше? Керісінше, әйеліне тәуелді болып, бар тірлікті соның айтқанымен істейтін еркектен қайыр бар ма?
Шымкенттік Эльвира есімді келіншек «Күйеуім күйдірді!» деп кейіп отыр. Неге? Себебін өзі ERNUR.KZ тілшісіне былай деп түсіндірді.
«Менің әкем нағыз еркек болды. Анамды қабағымен жұмсайтын. Таңертең оянғанда анам әкемнің асын беріп, киімін әзірлеп, аяқ киімін тазалап, жұмысқа шығарып салатын. Келгенде де дәл солай қарсы алатын. Бәрін айтқызбай ұғатын. Әкем де сол үшін анамды сыйлайтын. Көңілі келгенде әзілдесіп, «Гүлекем, Гүлеке, сен не айтсаң сол болады!» деп мақтап, қолдап-қуаттап қоятын.
Осындай тәрбиені көріп өскен соң, мен де іштей қиялға беріліп, «Ертең күйеуімді хандай күтемін, анам сияқты бар керегін дайындап, мақтаулы келін атанамын» деп ойлаушы едім. Бұйырған күн де келіп, тұрмысқа шықтым. Бірақ өзім ұнатқан, бұрыннан білетін адамым емес. Сыныптас қызымның тойында бір жігіт сыртымнан көріп, алып қашты. Баяғы қазақтың «Ұят болмасын, есік көрдім ғой» деген әдептілігінен аттай алмай, келген жерімде қалдым.
Былайша, келген жерім жаман емес. Бәрі жуас, қарапайым адамдар. Енем өте балажан кісі. Мені де қызындай еркелетіп отырады. Сол еркелеткені кейде кесірін тигізе ме деп қорқамын.
Баланы еркелетудің де шегі болу керек екен. Ол кісі дап-дардай баласын тым еркелетіп жіберген. Біз қазір бөлек тұрамыз. Қалада. Күйеуім ұйқыдан тұрады да, «Сүтке нан турап қоймадың ба? Мамам маған сөйтуші еді» дейді. Бұрын мән бермей, істейтінмін. Соған дәнігіп алған, бір күн сүтке нан туралмай қалса бұртиып, сөйлемей қояды. Сосын өздігінен әрекет жасау дегенді білмейді. Тіпті көшеге не киетінін де менен сұрайды.
«Үстіңдегіні шешсейші, жуып берейін» демесең, өздігінен білмейді. «Барып, шашыңды алдырмадың ба, өсіп кетіпті ғой» деп ескерту керек, өзіне бәрібір. Аяқ киімін де өзі біліп сүртпейді. Мына үйге зат керек-ау, мына жерін жөндеу керек-ау деген ой миына кіріп шықпайды.
Бес жасар бала сияқты. Ары-бері сүйрей беруден де шаршадым. Жұмысқа кіреді, істей алмай шығып кетеді. Қазір таксист болып жүр. Әйтеуір күнделікті нан мен шайға керектіні тауып келеді. «Мен осы үйдің еркегімін ғой. Менің айтқаным болу керек. Осы үйді асырауым керек-ау» дегенді мүлдем ойламайды.
Күйеу деген бас болса, ақшаны күреп тауып, «Керегіңе жарат!» деп бұйырып тұрса ғой. Тіпті олай етпеген жағдайда да, өз басын өзі алып жүрсе жақсы екен. Әйтпесе дап-дардай еркектің киімінің кір немесе таза екенін білмеуі басыма сор болды. Осы күні балалы болмай тұрғанда ажырасып кетсем бе деп ойланып жүрмін. Мұнымен өмір бақи бірге тұрсам, жасыма жетпей қартайып кететін сияқтымын».
Эльвира өзімен қатар қыздарға күйеуге де абайлап тию керек деп ескертеді. Өз басын алып жүре алмайтын адамнан қайыр күту бос әурешілік дейді.