​«Сыныптасым екінші әйел етіп алғысы келеді»: түркістандық келіншек көпшіліктен кеңес сұрайды

0
3 565

«Әйелі "жесір келіншек аласың" деп шарт қойып, мені айтыпты...»


​«Сыныптасым екінші әйел етіп алғысы келеді»: түркістандық келіншек көпшіліктен кеңес сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тоқал алу, біреуге екінші әйел болу» деген тақырып қазір «модный» боп тұр ғой. Екі адамның басы қосылса қызу талқылайды. Біреулер бұған оңай, жеңіл-желпі қарайтын шығар. Алайда жалғызілікті әйелдер үшін екінші рет тұрмыс құру, біреудің тоқалы болу оңай шаруа емес», - дейді Динара есімді жесір әйел.


Бүгінде пәтер жалдап, ақшаның жетіспеушілігінен там-тұмдап ұлын жетілдіріп келе жатқан оқырманымызға сыныптасы ерекше ұсыныс білдіріпті. Оқиғаның қалай болғанын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп, айтып берді.


«Тұрмысқа шығып, төрт жылдан кейін жесір қалдым. Қалада пәтер жалдап тұратынбыз. Күйеуім құрылыста істейтін, түнделетіп үйге жаяу келе жатқанда төбелесіп жатқан жігіттерді ажыратам деп, әбден таяқ жеп, сол жерде қайтыс боп кетті.


Ол кезде ұлымның жасы екіде еді, жылай-сықтай, ұлымды құшақтап жалғыз қалдым. Марқұм ата-енем «ауылға кел, қолымызға келіп тұр» деп қанша айтты. Бірақ күйеуім жоқ жерде не қызық бар, бір барғасын кері қайта алмайтынымды түсініп, қалада қалып қойдым. Дегенмен күйеуімнің аруағын сыйлап, ұлымды біреудің қолына қаратпайын деп осы уаққа дейін қайта тұрмысқа шықпадым.


Баламды алып төркінге жиі барам. Сыныптастарыммен де жақын араласам. Әсіресе біздің көшеде тұратын Алтынбек дейтін досыммен мектепте жұбымыз жазылмайтын. Ол сыныпта момын, аузынан артық сөз шықпайтын бала болды. Әрі көршім, әрі сыныптасым болғасын оған бірінші боп өзім тиісіп, қойнына қар тығып, аяғын шалып қалып, әбден жынына тиюші едім. Ал Алтынбектің ештеңемен ісі жоқ, бар зейінін сабаққа аударып, мектепті үздік бітіріп, шетелге оқуға кетті. Ол білім қуып жүргенде мен тұрмысқа шықтым да, соңы мынандай жағдай болды.


Сол Алтынбекпен қазір жақсы араласамыз. Ауданда жақсы қызметте істейді. Әйелі де ашық-жарқын мінезді, бір ұл, үш қыз тапқан. Ауылдан дүркіретіп үй салып қойған. Төркінге барған сайын Алтынбек мені тамаққа шақырып, күтіп жібереді. Бір сөзбен айтқанда екеуміз жақын араласып кеттік.


Жесірліктің ащы дәмін бір кісідей тарттым. Әлі күнге дейін басымда баспанам жоқ. Тапқан айлығымды балам екеумізге амалдап жеткізіп, өлме-талма тіршілік қылып жүрміз. Осы жылдар ішінде кімдер сөз айтпады. Ажырасқаны да, «отырып» шыққаны да, әйелі қайтыс боп, бес баласымен жалғыз қалғаны да бар. Бірақ ешбіріне мойын бұрып қарамадым. Содан кейін сөз салатын кісілердің қатары сиреп, тіпті жоғалып кеткен-тұғын.


Былтырдан бері маған қырындайтындар қайта пайда болды. Алдымен ауылдағы ағамның сыныптасы «айттырды». Өзі ажырасқан, бір мекемеде күзетші боп істейді екен. Ағамнан телефон нөмірімді алып, күн құрғатпай звондайтын болды. Ағамның досы жақсы адам шығар, бірақ оның үйсіз-күйсіз бола тұра әйел іздегенін құптамадым. Өз проблемам басымнан асып жатқанда оның мәселесін мойныма жүктеп алудан қаштым.


Сөйтіп жүргенде бірге істейтін әріптесім ойын ашық айтты. Оның ұлты басқа еді. «Менде пәтер бар, біреуіне сені тұрғызып қоям. Маған тоқал бол» деп шықты. Мұны естіген әріптес келіншектер «Мұсылман емес деп отырасың ба, тиіп ал! Жағдайыңды жасаса болды емес пе?» деп азғырды. Негізі тәп-тәуір жігіт, бірақ діні, тілі басқа, балам оны қалай қабылдайды деп көп ойланып, ұсынысын қабылдамадым. «Ой, сен ақымақ екенсің, етегіңе намаз оқып қашанғы жүресің» деп құрбым кәдімгідей ашуланып қалды. «Менің адамым әлі кездескен жоқ» деп әзілдеп жауап бергем.


Жақында жұмыс орнымды ауыстырып, соған құжаттарымды өткізгем. Бірдеңе дұрыс болмай, төркінге баруға тура келді. Ондайда алдымен Алтынбек еске түседі ғой, бастық деген аты бар. Дереу хабарласып, жағдайды айтып едім, «түс қайта келе бер, дайындатқызып қоям» деді. Сол күні Алтынбек маған көмектесіп, көлігімен онда-мұнда апарып, түскі асқа шақырып, көңілімді көтеріп тастады. Онысына риза болдым.


«Ал, Алтеке, қонақжайлығыңа рахмет, енді мені таксиге салып жібер» деп едім, «Тоқташы, саған айтатын сөзім бар» деп көлігін жолдың шетіне тоқтатты. «Ойбай, азаннан бері жаныңда жүрмін, бітпейтін не әңгіме ол, аузымыз бір тынған жоқ қой» деп күлдім. Сөйтем Алтекең күлетін емес, байсалды түр жасап алған.


«Динара, сен Салтанатты жақсы танисың. Былайша жақсы әйел, бірақ өте қызғаншақ. Қасымнан басқа қыз көрсе үйде айқай-шу. Бірақ саған дегенде көңілі ерекше. Үйге келсең елпілдеп күтіп алады. Екеуің тіл табысып кеттіңдер ғой. Сен сездің бе, жоқ па, өзің білесің, көптен айта алмай жүргенім – сені бала кезімнен ұнатамын. Кезінде мен шетелде оқып жүргенде тұрмыс құрып кеттің. Сен кеткесін Салтаны тауып, соған үйлендім. Ал енді сенің қазір басың бос қой. Балаңды да өзім оқытамын. Екеуіңді де өзім асыраймын. Маған тоқал болшы» десін...

«Қуасың ба, қайдағы тоқал?! Сен менің досымсың ғой» деп шыр-пыр болдым. «Сен асықпасаңшы, ойлан! Әйеліме сен туралы айтып, тамырын басып көрдім. «Екінші әйел алғың келсе уыздай жас қызды емес, жесір әйелді аласың» деп айтып отыр. Өзі де сені айтып қалды» деді.


Алтынбекке қатты таңғалдым. Талай жылдан бері танитын адамымнан мұндай әңгіме шығады деп кім ойлаған? Оған не болған? Әйелі, баласы бар. Не жетпейді сонша? Әлде байлығы тасып бара ма? Осы оймен үйге жетіп, келесі күні жұмысыма шықтым. Азанда Алтынбектен «Дина, жақсылап ойлан, әзіл емес, шын сөзім. Сенен жауап күтем» деген хат алдым.


Содан бері маза кетті, ағайын. «Өз адамым» деп күткенім осы Алтынбек емес пе екен? Не істеймін, досыма не деп жауап берсем екен?