"Тағы да қыз" деп теріс қарама": астаналық азамат қызының қамқорлығына бөленіп жүргенін айтты

0
770

"Ұл баланың әкесі болу мен қыз баланың әкесі атануда ерекшеліктер бар екен"


Сурет: i.pinimg.com

"Мен сіздермен жай ғана қуанышты сәтпен бөліскім келді. Мұндай қуанышты сәттер әрбіріміздің өмірімізде болып тұрады. Бірақ сол сәтті сезініп, қуана алатындар аз. Біздің менталитетіміз солай ма, эмоциямызды жасырын ұстаймыз ғой, бала секілді қуана алу керек негізі."

Қуанышы кеудесін кернеген жігіт ағасы ERNUR.KZ порталы арқылы қандай ойын жеткізгісі келеді?


"Астанада тұрамын. Үш баланың әкесімін. Екі ұл, бір қыз. Үлкені 6-сыныпта, кенжесі 4 жаста. Ортаншы ұлым 4-сыныпта оқиды. Әдетте әкелер ұл балалары жайлы айтып, мақтанғанды жақсы көреді ғой. Ал мен қызым жайлы айтқым келіп отыр.

Бұрындары «қыз бала әкесіне жақын келеді, қыз бала мейірбан, жанашыр» деп жатушы еді ғой. Ол кезде түсінбейтінбіз. Енді міне, екі ұлымнан кейін көрген қызымның әр қылығын айтып тауыса алмайтын шығармын. Жолдастарым тұңғышым өмірге келгенде «Еркексің! Еркектен еркек туады» деп қолпаштап, арқамнан қағып қуанышыма ортақтасқан. Әрине, ұлды қазақ жақсы көреді, ұрпақ жалғастырушы деп төбесіне көтереді. Ұл болса да, қыз болса да дені сау, саналы ұрпақ болғаны маңызды. Өзім осындай ұстанымда едім.

Керісінше, мен ұлға қарағанда қыз баланы көрсем елжіреп, жақсы көріп тұратынымды байқайтынмын. Екінші ұлым өмірге келерде оны емес, қыз күткенімді мойындаймын. Ал кейбір достарым екінші рет қызды болғанда көңілдері түсіп, өзін өзгелерден кем санайтынын да көргенмін. Менің айналамда ғана емес, жалпы қазақ жігіттеріне тән нәрсе ме деп ойланып қаламын.

Ұл баланың әкесі болу мен қыз баланың әкесі атануда ерекшеліктер бар екен. Қыз бала әкесін тәрбиелейді. Бұрын ұлдарымның алдында өзімді қаталдау, тәртіпке мықты етіп көрсетсем, қазір қызым өскелі мейірімді, жұмсақ, әсершіл болып жүрмін.

Қызым мен әкелген киімдерді, тәттілерді немесе ойыншықтарды алып, алғысын білдіргендей бетімнен сүйгенді ұнатады. Бір күні жұмыстан қатты шаршап келдім. Қызуым көтеріліп, өзімді нашар сезіндім. Әйелім менің үйде болғанымды пайдаланып бір жерге жұмыстарымен шығып кеткен. Үйде екі ұлым мен қызым ойнап жүрген.

Ауырып жатқандықтан, ересек болып қалған ұлдарыма кішкентай қарындастарына қарайлауды тапсырып, диванда жатып ұйықтап кетіппін. Бір кезде қызым қолымнан ұстап, ілмектегі бет сүртетін орамалды нұсқап: «Мынау, анау» деп қол бұлғады. Ұйқымнан оятып жібергенін жақтырмай, «Қызым, ойнай қойшы. Әкеңнің мазасы болмай жатыр» дедім де, қайтадан ұйықтап қалдым. Тіпті сөйлеуге де әлім келген жоқ сол кезде. Қызуым көтеріліп жатқандықтан, терлесем жақсы болып қалармын деп оранып жатқанмын. Қызым жаныма келіп, біресе аяқ жағымды, біресе кеудемді көрпемен қымтап, қамқорлық танытып жүр. Кіп-кішкентай болса да менің ауырып жатқанымды біліп, жаны ашып жүр.

Біраз ұйықтаппын. Тұрсам, шамалы дене қызуым түскендей. Әйелім де келген екен сол мезетте. Орнымнан тұрайын деп көрпемді ашсам, балаларымның киімдері түсіп кетті. Мен ұйықтап жатқанда қызым ағаларының киімдерін, шешесінің орамалын, тіпті қолы жеткен жерінде дастархандағы майлықты тоңып қалмас үшін үстіме жаба беріпті. Мені оятып, ілмектегі орамалды көрсеткені сол екен, аяғымды сонымен орамақшы болған ғой. Мен оның не деп жатқанына мән бермей қайтадан ұйықтап қалғанмын.

Қыз бала туғаннан осылай бола ма? Қолынан келмесе де, соны түсініп, маған қамқорлық көрсетіп жатқанын қарасаңызшы. Төрт жасар қызымнан осындай пәк, шынайы махаббатқа ие болғаныма қатты қуандым. Ішім жылып, тіпті көзіме ыстық жас та келіп қалды.

Үлкендердің «рахатты қыздан көресің» деген сөзінің мәнін түсінгендей болдым. Кейбіреулер қызы дүниеге келгенде ұл туғандай қуана алмайды екен. «Тағы да қыз» деп теріс қарайтындар да бар. Негізінде, қыз деген – бақыт, бауырларым! Қыздарыңды бағалаңдар, олардың бізге деген махаббаты шексіз."