28 күнде жаңа өмір: Ронда Берннің «МАГИЯСЫ»

0
183

28 күнді толық аяқтаған соң, сіз өзгерткіңіз келген сыртқы жағдайлар өздігінен оң бағытқа қарай трансформацияланады. Ғажайыптар орын ала бастайды. Таң қаласыз!


28 күнде жаңа өмір: Ронда Берннің «МАГИЯСЫ»

Фото: ЖИ

Бүгінде психологтар мен коучтардың қымбат курстарын сатып алып, түрлі ретриттерге қатысу арқылы өмірін біржолата өзгертуге талпынғандардың қатары өте көп. Санасын трансформациялағысы келетіндердің бұл талпынысы құптарлық. Өйткені ой мен сезімнің, энергияның ғаламат күші ғылыми дәлелденген.

Алайда «мұндай қымбат курстар мен саяхаттарға қаржылық мүмкіндігі жетпейтін, бірақ өмірін жаңа арнаға бұрғысы келетін жандар не істеуі керек?» деген сұрақ редакциямызға жиі келеді. Біз бұл тұрғыда ешқандай шығынды қажет етпейтін, бірақ әсері зор Ронда Берннің «Магия» кітабын ұсынамыз. Бұл кітап әлемде қаншама адамның өмірін өзгерткен және өз үйіңізде отырып-ақ өміріңіздің барлық саласын оң жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін таптырмас нұсқаулық.

Ронда Берннің «Магия» кітабы адамның ішкі санасы мен сыртқы болмысын трансформациялайтын 28 күнге арналған ризашылық практикаларынан тұрады. Кітаптың мақсаты өмірдің әр саласына (денсаулық, ақша, қарым-қатынас, мансап) ризашылық білдіру арқылы жоғары вибрация деңгейіне ауысып, оң өзгерістер енгізу.

Трансформация 3 негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы 12 күн өткен шақ пен осы шақтағы бар нәрсеге риза болуды, келесі 10 күн армандар мен тілектерді орындауды, ал соңғы күндер ризашылықты автоматты әдетке айналдыруды үйретеді.


1-апта: ШҮКІРШІЛІККЕ ҮЙРЕНУ

1-күн: Сәттіліктерді санау. Таңертең өміріңіздегі өзіңіз риза болатын 10 нәрсенің тізімін жазыңыз және олардың әрқайсысына не үшін риза екеніңізді түсіндіріп, соңында «Рақмет, рақмет, рақмет!» деп айтыңыз. (Бұл тапсырма барлық 28 күн бойы таңертең қайталанады).

2-күн: Сиқырлы тас. Күнде ұйықтар алдында қолыңызға кішкентай тас (немесе кез келген ұсақ зат) алып, бүгінгі күннің ең жақсы оқиғасын еске түсіріп, ол үшін «Рақмет» деңіз. (Бұл тапсырма да барлық 28 күн бойы түнде қайталанады).

3-күн: Сиқырлы қарым-қатынас. Өзіңізге ең жақын 3 адамды таңдап, олардың суреттеріне қарап, әрқайсысының бойындағы өзіңізге ұнайтын 5 қасиетті жазыңыз және сол жақсы қасиеттеріне алғыс айтыңыз.

4-күн: Сиқырлы денсаулық. Осы уақытқа дейін сізге қызмет етіп келе жатқан денсаулығыңыз бен денеңізге ризашылық хатын жазыңыз. Шын жүрекпен риза болыңыз.

5-күн: Сиқырлы ақша. Балалық шақтан бері сізге келген (тамақ, киім, білім) барлық нәрсе үшін ақшаға алғыс айтыңыз және ақша купюрасына «Өмір бойы маған берілген барлық ақша үшін рақмет» деп жазып қойыңыз.

6-күн: Жұмыстағы сиқыр. Қазіргі жұмысыңызға, құралдарыңызға, әріптестеріңізге риза болу арқылы кәсіби табысты арттыру. Яғни, жұмысыңыздағы (немесе оқуыңыздағы) сізге көмектесетін құралдар, адамдар немесе мүмкіндіктер сияқты риза болатын 5 жайтты тауып жазыңыз. Алғыс айтыңыз.

7-күн: Негативтен арылудың сиқырлы жолы. Өміріңіздегі ең үлкен проблеманы немесе қандай да бір шешілмей жатқан жағдайды алып, сол жағдайдың түсіндірген 10 сабағын, мүмкіндігін, жақсы тұсын тауып жазыңыз, алғыс айтыңыз.


2-апта: РИЗАШЫЛЫҚТЫ ТЕРЕҢДЕТУ

8-күн: Сиқырлы ингредиент. Күнделікті ішіп-жейтін тағамыңыз бен суыңызды қабылдамас бұрын, олардың дастарханға қалай жеткенін (еңбек еткен адамдарды) ойлап, іштей немесе дауыстап «Рақмет» деңіз.

9-күн: Ақша магниті. Төленбеген және төленген шоттарға (коммуналдық қызмет, несие т.б.) «Төленді. Рақмет» немесе «Ақша үшін рақмет» деп жазып, ризашылық сезініңіз.

10-күн: Сиқырлы шаң. Күні бойы күнделікті өмірде сізге қызмет көрсететін адамдарға (даяшылар, тазалықшылар, жүргізушілер) шын жүрекпен алғыс айтып, оларға ойша сиқырлы ризашылық шаңын себіңіз.

11-күн: Сиқырлы таң. Таңертең оянған сәттен бастап киініп, жуынып т.б. кешке дейін әрбір әрекетіңіз үшін («көзімді ашқаныма рақмет», «су іше алғаныма рақмет» т.б.) іштей «Рақмет» деп айтыңыз.

12-күн: Өміріңізді өзгерткен сиқырлы адамдар. Өміріңіздің қиын сәтінде көмектескен немесе бағыт-бағдар берген 3 адамды еске түсіріп, олардың әрқайсысына не үшін риза екеніңізді (олар жоқ болса да) дауыстап айтыңыз.

13-күн: Барлық тілектердің орындалуы. Өзіңіздің ең үлкен 10 арманыңыздың тізімін жасаңыз. Әр арманыңыз орындалып қойғандай сезініп, ол үшін қалай қуанғаныңызды елестетіп, ризашылық жазыңыз.

14-күн: Сиқырлы күн. Таңертең күніңізді жоспарлап, кешке дейінгі барлық істердің (кездесулер, жұмыстар) керемет өткеніне алдын ала алғыс айтыңыз.


3-апта: ІШКІ ТРАНСФОРМАЦИЯ

15-күн: Қарым-қатынасты сиқырлы түрде сауықтыру. Сөзге келіп қалған немесе ренжіскен адамыңыздың бойындағы 10 жақсы қасиетті жазып, немесе өткен күндердегі сізге жасаған жақсылығы үшін 10 ризашылық сөз жазыңыз.

16-күн: Денсаулықтағы сиқыр мен ғажайыптар. Өткен шақтағы (бала кездегі) тамаша денсаулығыңызға, қазіргі уақытта жақсы жұмыс істеп тұрған мүшелеріңізге және болашақта қол жеткізгіңіз келетін мінсіз денсаулық күйіне ризашылық білдіріңіз.

17-күн: Сиқырлы чек. Кітапта берілген «Ғаламның сиқырлы чегін» (немесе өзіңіз қолдан жасап) алып, оған қазіргі уақытта нақты бір мақсатқа қажетті ақша сомасын және аты-жөніңізді жазыңыз. Сол ақша қолға тиген сәттегі қуанышты сезініңіз.

16-күн: Денсаулықтағы сиқыр мен ғажайыптар. Денеңіздің толық сауыққанын қалайтын тұсына (мысалы, көз, бел т.б.) дәл қазір мінсіз жұмыс істеп тұрғандай алғыс айту.

17-күн: Сиқырлы чек. «Әлем банкінен» өзіңізге қажетті соманы жазып, чек дайындау және сол ақшаға не алатыныңызды елестету.

18-күн: Сиқырлы істер тізімі. Шешілмей жатқан маңызды мәселелердің тізімін жасап, олардың Әлем тарапынан ең керемет жолмен шешіліп қойғанынын елестетіп риза болыңыз.

19-күн: Сиқырлы қадамдар. Жүрген кезде әр басқан қадамыңызға «Рақмет» деп айту. Жалпы 100 қадам жасап, жүре алу бақытына ризашылық сезініңіз.

20-күн: Жүрек сиқыры. Ризашылық сөздерін айтқанда немесе жазғанда, назарыңызды кеуде тұсыңызға (жүрегіңізге) аударып, ризашылық сезімін сезінуді тереңдетіңіз.

21-күн: Тамаша нәтижелер. Бүгін болатын 3 маңызды оқиғаны (емтихан, маңызды қоңырау, сатып алу) таңдап, олар басталмай тұрып, «Тамаша нәтиже үшін рақмет!» деп айтыңыз.


4-апта: ҒАЖАЙЫПТЫ БЕКІТУ

22-күн: Көз алдыңыздағы ғажайып. 13-күні жазған 10 арманыңыздың тізімін алып, бүгін оларды кем дегенде екі рет оқып, орындалғанына шын жүрекпен риза болыңыз.

23-күн: Сіз жұтатын сиқырлы ауа. Бізді өмірмен байланыстырып тұрған ауаны жұтып жатқанымыздың өзі үлкен бақыт екенін сезініп, ауаға алғыс айтыңыз. Терең дем алып, тыныс алып тұрған ауаңыз бен өмір сүру мүмкіндігіңізге шын жүрекпен 5 рет ризашылық білдіріңіз.

24-күн: Сиқырлы таяқша. Көмекке немесе денсаулыққа, ақшаға мұқтаж өзіңіз танитын 3 адамды ойлаңыз. Олардың мәселесі шешіліп, қуанып жатқан сәтін елестетіп, олар үшін Ғаламға ризашылық жолдаңыз.

25-күн: Сиқырлы тұспалдар. Күн бойы айналаңыздағы белгілерге назар аударыңыз. Мысалы, жедел жәрдем көлігін көрсеңіз, денсаулығыңызға, полицияны көрсеңіз, қауіпсіздікке, банк белгісін көрсеңіз, ақшаға ризашылық білдіру керек екенін түсініңіз (кем дегенде 7 белгіні ұстаңыз).

26-күн: Қателікті сиқырлы түрде бақытқа айналдыру. Өткен өміріңізде жасаған бір қателікті таңдап, сол жағдайдан алған 10 сабағыңыз бен ол қателіктің сізге әкелген жақсы тұстарын жазыңыз.

27-күн: Сиқырлы айна. Күн сайын айнаға қарағанда өзіңіздің сырт келбетіңізге, болмысыңызға қарап, шын жүрекпен өзіңізге «Рақмет» деп айтыңыз. Өзіңізді бағалаңыз.

28-күн: Сиқырды еске түсіру. Кешегі өткен күніңізді таңертеңнен кешке дейін еске түсіріп, кеше болған барлық жақсы оқиғаларды, сәттерді тізіп, оларға ризашылық білдіріңіз.


НӘТИЖЕ

28 күнді толық аяқтаған соң, сіз әлемге мүлдем басқа көзбен қарайтын боласыз және сіз өзгерткіңіз келген сыртқы жағдайлар өздігінен оң бағытқа қарай трансформацияланады. Сонымен қатар:

  • Сана деңгейінде тапшылық психологиясынан молшылық, тоқшылық психологиясына өтесіз.
  • Өткенге өкіну мен болашақтан қорқу сезімі жоғалып, дәл «осы шақта» өмір сүруді үйренесіз.
  • Ақшаға байланысты қорқыныш, қызғаныш немесе реніш сезімдері (мысалы, шоттарды төлеу кезіндегі қиналыс) ризашылықпен алмасады.
  • Жақындарыңызға, әріптестеріңізге немесе сізге реніш ұялатқан адамдарға ризашылық білдіру арқылы іштегі реніш пен өкпеден арыласыз.
  • Өз денеңізге, мүшелеріңізге және бесті сезім мүшесіне алғыс айту арқылы сіз ағзаңыздағы өмірлік энергияны белсендіресіз.

Басты шарт: «Магия» кітабының басты құпиясы — ризашылықты жай ғана сөзбен айту емес, оны жүрекпен сезіну. Және тұрақты нәтиже алу үшін бұл тапсырмаларды үзбей, жүйелі түрде 28 күн орындау керек. Егер бір күнді өткізіп алсаңыз, қайтадан 1-күннен бастайсыз.

Басты магиясы: Шүкіршілік, ризашылық сезімі арқылы адамның санасы мен энергетикасын өзгерту. Сыртқы әлемді өзгертуге тырыспай, адам өз ішкі күйін өзгерту арқылы бәрін өзгерте алатынына көз жеткізу.


Сонымен, өзгеріске, жаңа өмірге дайынсыз ба? Кітаптың атауын Google іздеу жүйесіне теріп, оның электронды нұсқасын интернеттен тегін жүктеп алып, дәл бүгіннен бастап іске кірісіңіз. Сәттілік!

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

ТЕСТ: Суреттен не көрдіңіз?

Күш-қуатты сақтаудың 3 алтын қағидасы