​Ең ОҢАЙ медитация

0
3 296

Медитацияны жүріп бара жатып та орындауға болады


​Ең ОҢАЙ медитация

Фото: vsegda-pomnim.com

Медитация – физикалық және психологиялық тұрғыда демалыс ғана емес, ол адамның өз ішкі әлеміне үңіле отырып, жан тыныштығын табуы. Өткен шақта қалып кетпей, келер шақты ойлап мазасызданбай, дәл осы шақта болуға, қазіргі сәттің бақытын сезінуге де көмектеседі.

Әрине, басқа да пайдасы көп. Оларды медитациямен ұзақ уақыт айналысқанда білесіз. Медитацияға күнде жарты сағат уақытыңызды арнау керек.

Уақытым жоқ дерсіз. Бірақ медитацияны жүріп бара жатып та орындауға болады. Бұл әсіресе, медитациямен шұғылдануды бастаушыларға, бір орында көзді жұмып ұзақ уақыт отыра алмайтындарға арналады.



Басқа медитациялардан артықшылығы

Бір орында отырып орындайтын медитациядан бұның айырмашылығы – денеңіз қозғалыста, көзіңіз ашық болады. Сондықтан да медитация барысында ұйқы қыспайды. Шаршап тұрсаңыз да баяу жүру кезіндегі медитацияны орындау қиын болмайды. Сондай-ақ сыртқы ортамен қатынас белсенді болады. Ал бұл медитацияның әсерін күшейтеді.

Сонымен, күнделікті жүріп-ақ медитация жасауға дайынсыз ба? Ол үшін мына ережелерді білсеңіз болғаны.



Орын

Алғашқыда адам жоқ, ешкім мазаламайтын, тыныш орында орындап үйренген дұрыс. Көліктің шуы естілмейті жерді таңдасаңыз тіптен жақсы. Саябақ немесе жұрттың бәрі ұйқыға жатқанда аулада, ауладағы балалар алаңшасында жүріп жасауға болады. Қай орынды таңдасаңыз да бастысы, тыныш әрі қауіпсіз орын болуы керек.



Уақыты

15 минуттан кем болмағаны жөн. Күнде 20-30 минут уақытыңызды бөлсеңіз жеткілікті.



Қарқын

Баяу, сонымен қатар әр қадам нақты әрі түзу болуы керек. Әсіресе, ойыңыз мәселе түйініне оралып, эмоцияңызды басқара алмағанда бойыңызды тік ұстауды, әр қадамыңызды нық басуды ойлаңыз. Ойыңызды жүріс қарқыны мен қадамыңызға аударғанда және дамылсыз баяу жүргенде мазасыздықтан құтылып, негативті эмоциядан арыласыз. Іштегі энергия шығады. Санаңызды дәл қазіргі шаққа алып келеді.



Бекіту

Медитацияны бастамас бұрын бір орында 2 минуттай тұрыңыз. Терең-терең тыныс алып, ойыңызбен бүкіл денеңізді бір шолып шығыңыз.

Аяқтарыңызды жерге нық басып тұрып, жердің беріктілігін, тұрақтылығын сезініңіз. Дәл қазіргі эмоцияңызды сезініңіз. Эмоцияңыз қандай?



Техника

Баяу қарқынмен алға қарай жүріңіз. Ойыңыз, назарыңыз осы сәтте, сол жерде болсын. Мәселелеріңіз немесе басқа да жағдайды ойламаңыз, жай ғана әр қадамды нық басып жүре беріңіз. Жүру денеңіздегі негативті энергияның сыртқа шығуына жәрдемдеседі, күйзеліске түсіп кетуден қорғайды. Сонымен бірге бұл күнде кешке ұйқы алдында жарты сағат серуендеп қайтуға дағдыландырады. Бұл ұйқыны, астың сіңуін, көңіл күйді жақсартады.


Нәтижесін ойламай-ақ бастап жіберіңіз. Жай ғана күнде кешке жұмыстан қайтқанда немесе ұйқыға жатар алдында 20-30 минут далада жүріп қайтуды күн тәртібіне енгізіңіз. Пайдасын көп ұзамай байқай бастайсыз.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Таңертең КЕШ ОЯНУ неге ЗИЯН?

КӨП тамақ ЖЕУДІ тоқтатудың 3 әдісі