"​Өзіңді өзің кездесуге шақыр" техникасы

0
150

Өз жүрегіміздің лүпіліне құлақ түріп, өзіміздің халімізді білсек, өміріміз бұдан да сапалы, бұдан да бақытты болар еді-ау!


Фото: ЖИ

Ай сайын құрбылармен бас қосып, шүйіркелесеміз. Бауырлармен, көршілермен де дидарласатын дәстүрлі «гәп» бар. Жақын адамдармен күн сайын телефонмен сағаттап сөйлесуге де уақыт табылады. Ал ең жақын, жанашыр адам - өзімізбен неге солай сырласпаймыз? Өз жүрегіміздің лүпіліне құлақ түріп, өзіміздің халімізді білсек, өміріміз бұдан да сапалы, бұдан да бақытты болар еді-ау!

Психологиядағы «Өзіңді өзің кездесуге шақыр» техникасы - дәл осы олқылықтың орнын толтырып, ішкі ресурсты қалпына келтірудің ең тиімді жолы. Олай болса, өз-өзіңізбен кездесуді әдетке айналдырыңыз.


1-қадам: Күн белгілеу

Бұл кездесуді «уақыт бола қалған сәтке» кездейсоқ қалдырмаңыз. Күнтізбеңізді ашып, нақты бір күнді (мысалы, сенбінің таңертеңгі уақыты немесе жұманың кеші) алдын ала белгілеңіз. Өзіңізді ең жоғары дәрежелі, мәртебелі VIP-қонақтай сезініңіз. Ең әдемі көйлегіңізді киіп, хош иісті әтіріңізді себіңіз. Бұл уақытты ешқандай тұрмыстық шаруаларға немесе кенеттен шыққан жұмыстарға айырбастамайтыныңызға өзіңізге сөз беріңіз.


2-қадам: Цифрлық детокс

Кездесу басталған сәттен бастап телефонды «Мазаламау» режиміне қойыңыз немесе сөмкенің түбіне жасырыңыз. Бұл күні сіз желідегі өзгенің өмірін емес, өз өміріңіздің әр сәтін сезінуіңіз керек. Телефон тек такси шақыру немесе естелікке бір-екі әдемі сурет түсіру үшін ғана қолданылсын. Әлеуметтік желілердегі «шуды» өшіргенде ғана іштегі шынайы дауыс оянады.


3-қадам: «Жаным не қалайды?»

Кездесу орны сіздің ішкі қалауыңызға сай болуы керек. Бұл жерде «пайдалы» немесе «керек» деген ұғымдарға орын жоқ, тек «дәл қазір менің жаным не қалайды?» деген сұрақ маңызды.

Мүмкін, өзіңізге ұнайтын, іші жарық, әдемі музыка ойнап тұрған кофейняға барып, асықпай кофенің иісінен, десерттің ерекше дәмінен ләззат аларсыз?

Кітап дүкенін асықпай аралап, кітап иісін сезіну, сурет галереясына немесе музейге бару да ұтымды шешім.

Саябақта, ағаштардың арасында жай ғана жаяу жүріп, құстардың үнін тыңдап, өз-өзіңізбен серуендеу де таптырмас ем.


4-қадам: Ішкі диалог

Өзіңізбен кездесуде мынадай маңызды сұрақтар қойып, ашық жауап беріңіз немесе жазыңыз.

  • Мен қандай өмірді қалаймын?
  • Соңғы уақытта мені шынайы қуантқан не нәрсе болды? Өзімді қандай жетістігім үшін мақтай аламын?
  • Менің өмірімде қазір не нәрсе артық (энергиямды сорып жатқан) және маған ішкі тыныштық үшін не жетіспейді?
  • Жақын арада өзімді тағы қалай қуанта аламын?
  • Қандай кішкентай арманымды орындайын?

Әр кездесуге осы секілді сұрақтарды алдын ала дайындап алсаңыз болады.


Бұл техниканың нәтижесі қандай болмақ?

  • Өзіңізбен кездесуге тұрақты түрде бару арқылы сіз өміріңіздің сапасын мүлдем басқа деңгейге көтересіз.
  • Өз-өзіңізді бағалау артады. Сіз өзіңізге басқа біреудің назары мен махаббатын тәуелді қылмай-ақ, өз-өзіңізді бақытты, бүтін ете алатыныңызды түсінесіз.
  • Ішкі энергияңыз еселенеді. Үйге шаршап емес, іштей шабыттанып, жақындарыңызға махаббат пен жылылық сыйлауға дайын күйде ораласыз. Санаңыз тазарып, жаңа идеялар мен шығармашылық жобаларға жол ашылады.
  • Шынайы «Меніңізді» танисыз. Өзгелердің пікірі мен қоғамның таңқалдырған үміттерінен тыс, өзіңіздің төл армандарыңызды, мақсаттарыңызды анық ести бастайсыз.
  • Өзіңізге не керек екенін түсінесіз...

Бұдан басқа да пайдасы көп-ақ. Ол үшін кем дегенде айына бір рет өзіңізбен кездесіп тұруыңыз қажет. Ендеше, дәл қазір күнтізбені ашып, өзіңізбен кездесудің күні мен орнын белгілеңіз.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

28 күнде жаңа өмір: Ронда Берннің «МАГИЯСЫ»

ТЕСТ: Суреттен не көрдіңіз?