ВУНДЕРКИНД БАЛА тәрбиелеуде маңызды 7 нәрсе

0
1 329

​Мамандар кез келген баладан вундеркинд тәрбиелеуге болады дейді


ВУНДЕРКИНД БАЛА тәрбиелеуде маңызды 7 нәрсе

Фото: ашық дереккөздерден алынды

Бұрын ғалымдар вундеркинд баланың тума таланты, табиғат берген қабілеті болуы керек деп айтатын. Ал қазіргі білім дамыған заманның зерттеулеріне сүйенсек, мамандар кез келген бала вундеркинд бола алады дейді.

Әрине баладағы дарынды, талантты көре білу және дұрыс бағыт беріп жетелеу ата-анаға байланысты. Сондай-ақ ең маңызды шарт - дамыту процесі оның өмірінің алғашқы кезеңдерінен, яғни нәрестелік жастан басталуы керек екен.

Ерте даму кезеңінде (0-3 жас) балалардың миы өте белсенді дамиды, сондықтан мамандар тәрбиелеу мен дамыту үшін келесі аспектілерге назар аудару маңызды екенін айтады.


Нәрестелік кезең (0-1 жас): Балаға сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсету. Сезімдік және моторикалық дағдыларды дамыту үшін ойыншықтар мен интерактивті заттарды пайдалану.

Балабақша кезеңі (1-3 жас): Тілдік дағдыларды дамыту үшін кітаптар оқу және ән айту. Қарапайым логикалық ойындар мен тапсырмалар арқылы ойлау қабілетін дамыту.

Мектепке дейінгі кезең (3-6 жас): Шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін өнер мен қолөнермен айналысу. Әлеуметтік дағдыларды дамыту үшін топтық ойындар мен әрекеттерге қатыстыру.

Ерте жастан бастап баланың дамуына көңіл бөлу және тәрбиелеу процесі үздіксіз әрі жан-жақты болса, кез келген баладан вундеркинд шығады. Мәселен, әлемге танымал вундеркинд балаларды және олар туралы бағдарламаларды көрсеңіз, ата-аналар бір жасынан бастап дамуына көп уақыт бөлгенін байқайсыз. Сонымен бірге баланың әлеуетін ашу үшін мына 7 нәрсе де өте маңызды.



1. Тыңдау және түсіну

Бала былдырлап сөйлегеннен бастап оны тыңдай біліңіз. Тілін түсінбесеңіз де жауап қайтарыңыз. Ал балабақша жасында түрлі сұрақ қояды. Жауап беруге ерінбеңіз.

6-7 жасында балаңыз қызығушылықтарын, сезімдерін және ойларын айтуды бастайды, тыңдаңыз. Пікірін бағалаңыз. Бұл оған өзін маңызды сезінуге көмектеседі.



2. Білімге қызығушылығын арттыру

Балаңызды кітап оқуға, жаңа нәрселерді үйренуге ынталандырыңыз. Бұл орайда теориялық білімді тәжірибемен ұштастырыңыз. Мәселен, экскурсиялар, ғылыми жобалар және практикалық сабақтар балалардың қызығушылығын арттырады.



3. Мотивация және қолдау

Әр баланың жеке қызығушылықтары болады. Егер бала өзіне қызықты нәрселермен айналысса, ол өз қабілеттерін дамытуға ынталанады. Сондықтан да хоббиін қолдаңыз және дамытуға көмектесіңіз.

Балаңыздың жетістіктерін үнемі айтып, талпынысын мақтап отырыңыз. Кішкентай баланың тұлғалық дамуының іргетасына ата-анасының мақтауы, сүюі, құшақтауы өте қажет.

Сондай-ақ еркелеткенде айтатын "күнім", "ботам", "тәттім" деген сөздерді "ақылдым" деген секілді сөздермен алмастырыңыз.



4. Қажетті ресурстар

Балаңыздың қызығушылығына қарай шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін әртүрлі материалдар мен ресурстар болуы міндетті. Кітаптар, ойыншықтар, өнер құралдары, түрлі түсті қарандаштар – бәрі де маңызды.



5. Қоршаған ортасы

Бала дарынды балалар мектебінде оқыса, оқу үлгерімі үздік болатыны белгілі. Сол сияқты бала тәрбиеленетін орта оның дамуына әсер етеді. Дамытушы, қолдаушы және ынталандырушы орта вундеркинд балалардың қалыптасуына көмектеседі.



6. Сабақтан тыс уақытта

Балаңыздың интеллектуалдық деңгейіне сәйкес келетін күрделі тапсырмалар мен ойындарды ұсыныңыз. Бұл олардың логикалық ойлауын және проблемаларды шешу қабілетін дамытуға көмектеседі.

Сонымен қатар балаңыздың әлеуметтік дағдыларын дамыту үшін топтық ойындарға, шығармашылық жобаларға және әлеуметтік іс-шараларға қатыстыруды ұмытпаңыз. Әрине, демалысы мен ойынына да уақыт қалдырыңыз.



7. Тамақтану және ұйқы тәртібі

Психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың ең бірінші тамақ рационына назар аударылатынын әлеуметтік желілерден көріп, естіп жүрген боларсыз. Баланың ой-қабілетінің дамуында дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және жеткілікті ұйқының рөлі зор.


Сабырлы болыңыз! Әр бала уникалды, сондықтан олардың қабілеттері мен даму жолдары да әртүрлі. Балаңыздың дамуы әртүрлі жылдамдықта болуы мүмкін, сондықтан сабырлы болыңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Отбасындағы қарым-қатынасты реттейтін психотерапиялық 3 әдіс

Отбасы бақытын сақтаудың ҮШ формуласы